Құрылыс компаниялары жобалау-сметалық құжаттамадан ауытқыса, үлескерлерге ақша айырмасын қайтарады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық құрылыс компаниялары тұрғын үй ауданы мәлімделген көлемнен 1,5%-ға азайтылған немесе ұлғайтылған жағдайда үлескерлерге ақша айырмасын қайтаруға міндеттеледі. Оған қатысты бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

«Уәкілетті компания құрылыс алаңының азаюына немесе ұлғаюына әкелетін жобалау-сметалық құжаттамадан және шарттан ауытқыған жағдайда жауап береді. Бірақ, құрылыс алаңы 1,5%-ға дейін азайып немесе ұлғайтылса шарттан ауытқушылық болып саналмайды», - делінген құжат жобасында.
Сондай-ақ, бұйрық жобасында құрылыс компаниялары қандай жағдайда үлескерлерге айырмашылықты өтейтіні айтылған.
«Сатып алынатын жалпы алаңның 1,5%-дан астамға азайтылғаны көрсетілген жобалау-сметалық құжаттамадан ауытқу жағдайында уәкілетті компания үлескерге құрылыстың ауданына қарай нақты айырманы өтейді. Ал құрылыс ауданы 1,5%-дан астамға ұлғайтылғаны көрсетілген жобалау-сметалық құжаттамадан ауытқу жағдайында уәкілетті компания үлескерге ұлғайтылған ауданының 50% айырмасын өтейді», - деп түсіндірген бұйрықта.
Аталған құжат жобасы 28 тамызға дейін көпшіліктің талқысына ұсынылып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін құрылысы бітпеген үйдің құжаттарын қалай тексеру керектігін түсіндіретін ресми нұсқаулықты жариялаған болатынбыз.