Құрылыс материалдарының импорты қанша
АСТАНА. KAZINFORM — Жыл басынан құрылыс материалдарының импорты 1 млрд долларға жуықтады. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мәлім етті.
— 2025 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша құрылыс материалдары бойынша импорт көлемі 899,8 млн АҚШ долларын құрады, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Ведомство ақпаратына қарағанда, Қазақстаннан экспортталатын негізгі материалдардың қатарында цемент, шыны, керамикалық тақтайшалар, керамикалық кірпіш және жылу оқшаулағыш заттар бар.
Атап айтқанда, қазіргі кезде елімізде құрылыс материалдары өндірісінде отандық тауарлардың үлесі 70,2 пайызды құрады. Отандық өндірушілер ішкі нарықты тауарлы бетон, темірбетон, құрғақ құрылыс қоспаларымен, портландцемент және газоблок тәрізді негізгі материалдармен толықтай қамтып отыр.
Бұған дейін Қазақстан шетелге қандай тауарлар жөнелтіп жатқанын жазған едік.