Құрылыс нысандарын пайдалануға бергенде міндетті түрде ғарыштан мониторинг жасау керек – Мусин

Құрылыс нысандарын пайдалануға бергенде міндетті түрде ғарыштан мониторинг жасау қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды Kazinform.

бағдат мусин
Фото: Kazinform

«Жылжымайтын мүлік – отбасының тірегі. Сондықтан осы салаға ерекше көңіл бөлінді. Біріншіден, жылжымайтын мүлікті, мысалы үйді, пәтерді, офисті сатып алғанда немесе сатқанда бұрынғыдай нотариуске, ХҚО-ға барудың қажеті болмайды. Мұндай онлайн-сервис Blockchain және биометриялық сәйкестендіру технологиясы арқылы көрсетілетін болады. Әр мүлік бойынша жасалатын іс-әрекет, бейнежазбалар электронды үкіметте сақталады. Сөйтіп, бірнеше күн алатын процесс 1 сағаттың ішінде бітеді», - деді Бағдат Мусин.

Екіншіден, оның айтуынша, қазір құрылыс нысанын тіркегенде ол шын мәнінде бар ма, жоқ па, ешкім тексермейді.

«Ақтөбеде мынадай эксперимент жасадық. Тіркеуден өткен нысандардың бәрін ғарыштан мониторинг жасау арқылы тексеріп көрдік. Нәтижесінде 20 учаске бос жер болып шықты. Онда ешқандай мүлік жоқ, ешнәрсе салынбаған. Яғни, жалған ақпарат. Осындай фактілерді жою үшін құрылыс нысандарын пайдалануға бергенде міндетті түрде ғарыштан мониторингілеуді ұсынамыз», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар