Құрылыс саласындағы алаяқтық: Алматыда 70 млрд теңгеге жалған келісімшарт жасалған
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік тапсырысты алдау арқылы иеленгендер 664 млн теңге пайда тапқан, деп хабарлайды ҚМА баспасөз қызметі.

ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алуларға қатысу барысында жалған мәліметтерді қолданған адамдар тобына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Тергеу барысында 2021 жылдан 2024 жылға дейін қылмыстық схемаға қатысушылардың жалған компаниялар арқылы құрылыс жұмыстарын жүргізуге арналған тендерлерде рейтингтерін көтеру мақсатында қолдан жасалған құжаттар мен жалған мәліметтерді пайдаланғаны анықталды.
— Мұндай қызмет үшін ұйымдастырушылар 500 мыңнан 1,5 млн теңгеге дейін сыйақы алып отырған. Заңсыз жолмен алынған жалпы табыс 664 млн теңгеден асып кеткен. Бұл қаражатқа 11 автокөлік пен 12 жылжымайтын мүлік (5 тұрғын үй мен 7 жер учаскесі) сатып алынған. Тергеу болжамы бойынша, заңсыз әрекеттердің нәтижесінде бірқатар ұйыммен жалпы сомасы 70 млрд теңгеге жуық келісімшарттар жасалған. Төрт күдікті ұсталып, тергеу изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр, — делінген ҚМА таратқан ақпаратта.
Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі тергеу департаменті басшысының орынбасары Кеңесары Бағбанұлы қазақстандық журналист әрі блогер Асхат Ниязовтың Dala компаниясынан қанша қаражат алғанын айтты.