Құрылыс саласындағы рұқсат құжаттарына ревизия жасалады
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Парламент Мәжілісінде жаңа Құрылыс кодексінің жобасын таныстыру кезінде ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин алаяқ құрылыс компанияларымен күрес тәсілдері туралы айтты.

«Лицензиаттардың бірыңғай цифрлық тізілімін енгізу - барлық берілген рұқсатнаманың тиісті талаптарға сәйкес келуіне қатысты ревизия жасауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде нарықты өз қызметіне адал қарамайтын компаниялардан тазартуға ықпал етеді», - деді Т. Қарағойшин.
Оның айтуынша, тізілімде нақты субъекті туралы ақпарат, яғни тәжірибесі мен құзыреті, материалдық ресурстары, салалық сарапшылардың болуы және басқа да мәліметтер қамтылады.
«Бұл тұрғыда құрылыс нарығында субъектілердің ашық бәсекелестігін қамтамасыз етуге және сарапшылардың құзыретін арттыруға мүмкіндік береді», - деді вице-министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Құрылыс кодексінің жобасы аясында құрылыс инженерлерін сертификаттау қызметі функция бәсекелестік ортаға беріледі.