Құрылыс жобаларын жоспарлау кезінде өңірлердің нақты қажеттілігі ескерілуі тиіс — ҚСЗИ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда ірі инфрақұрылым жобаларын жүзеге асырғанда әр өңірдің нақты қажеттілігін анықтап, салынған нысандардың халық тұрмысына тигізетін әсерін бағалау қажет. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов Астанада өткен сарапшылық талқылауда айтты.

ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

ҚСЗИ директорының пікірінше, құрылыс бағдарламаларының нәтижесін тек пайдалануға берілген нысандар санымен өлшеу жеткіліксіз. Жаңа мектеп, аурухана немесе жолдың тұрғындарға қаншалықты қажет екені және оның өңір экономикасына қандай мүмкіндік беретіні де назарға алынуы керек.

Құрылыс жобаларын жоспарлау кезінде өңірлердің нақты қажеттілігі ескерілуі тиіс – ҚСЗИ
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

— Бағдарламаның ауқымы жоспарлау сапасы мен ресурстарды тиімді пайдалануға қойылатын талаптарды күшейтеді. Салынған нысандардың санын ғана емес, олардың адамдардың өмірін қаншалықты жақсартатынын және қандай жаңа экономикалық мүмкіндіктер ашатынын да бағалау қажет. Ол үшін өңірлердің қажеттілігін жан-жақты зерделеу, инвестициялық жобаларды объективті бағалау және олардың орындалуын бақылаудың заманауи құралдары керек, — деді Жандос Шаймарданов.

Оның айтуынша, инфрақұрылымдық жобаларды өнеркәсіптің, тұрғын үй құрылысының және өңірлік экономиканың даму жоспарларымен өзара байланыстыру маңызды. Бұл ретте мемлекеттік органдар, даму институттары, қаржы ұйымдары мен жеке кәсіпкерлердің жұмысы бір-бірінен бөлек жүргізілмеуі тиіс.

ҚСЗИ басшысы мемлекеттік инвестицияның міндеті жеке бизнестің орнын басу емес, керісінше, оның ірі жобаларға қатысуына қолайлы жағдай жасау екенін атап өтті.

Бұдан бөлек, Жандос Шаймарданов құрылыс жобаларын ұзақ мерзімді экономикалық жоспарлаумен ұштастыру қажеттігіне де тоқталды. Оның сөзінше, бүгін қабылданатын шешімдер Қазақстанның инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік және аумақтық дамуына алдағы ондаған жыл бойы әсер етеді.

Құрылыс жобаларын жоспарлау кезінде өңірлердің нақты қажеттілігі ескерілуі тиіс – ҚСЗИ
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Осы тұрғыдан алғанда, ғылыми-сараптамалық ұйымдардың зерттеулері мемлекеттік шешімдердің негізділігін арттыруға ықпал ете алады.

— Бүгін біз Қазақстанның алдағы ондаған жылдағы инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік және аумақтық келбетін айқындайтын шешімдер қабылдап жатырмыз. Сондықтан жекелеген жобалар мен бюджеттік кезеңдердің шеңберінен шығып, ұзақ мерзімді болашақты ескеру маңызды, — деді институт директоры.

а
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Айта кетейік, бұған дейін елімізде «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бөлу жоспарланғаны хабарланды.