Құрылтай алдағы екі жылға арналған республикалық бюджет жобасын қарайды
АСТАНА. KAZINFORM — Құрылтай Спикері Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен Бюро отырысында Құрылтайдың алдағы отырысының күн тәртібі белгіленді. Депутаттардың қарауына 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңға енгізілетін түзетулер шығарылады.
Құрылтайдың алдағы отырысында «2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралады. Құжат Мемлекет басшысы алға қойған негізгі міндеттерді іске асыруға: макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауға, барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындауға және инфрақұрылымды озық түрде дамытуға бағдарланған.
Жобаға сәйкес, алдағы орта мерзімді кезеңде ЖІӨ-нің орташа өсу қарқыны 5,4% деп болжанады. Жылдық инфляцияның 2027 жылдағы нысаналы дәлізі 7,5-9,5% деңгейінде, 2029 жылға қарай 6%-ға дейін төмендейді деп айқындалды. Осы уақытқа дейін республикалық бюджет тапшылығын ЖІӨ-ге шаққанда 0,4%-ға дейін қысқарту (1 трлн теңге), ал өз түсімдерін 23,4 трлн теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Келесі жылы шығыстардың негізгі бағыты адами капиталға инвестициялар салу, өңірлерді қолдау, экономиканың нақты секторы және басқа бағыттарды қамтиды.
Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар жобасы екінші оқылымда қаралады. Түзетулерге Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Құрылтай депутаттары бастамашы болды. Заң аясында музыка және бейнелеу өнері саласындағы екі жаңа ерекшелік белгісі — «Шәмші Қалдаяқов» медалін және «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу көзделген.
Еске салайық, бұған дейін Құрылтайда 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы таныстырылған еді. Құрылтай вице-спикері Дания Еспаева 2027 жылдың бастапқы кезеңі әлі де күрделі күйінде қалып отырғанын айтты.