Құрылтай депутаты Атырау ауасының ластануын тежеу жолдарын атады
АТЫРАУ. KAZINFORM — Құрылтай депутаты Арман Хайруллин өткен аптада Атырауда ауа сапасының нашарлауына байланысты пікір білдіріп, мәселені шешу үшін бірқатар ұсыныс айтты.
Депутаттың айтуынша, Атыраудағы ауа сапасының нашарлауы ондаған жыл бойы жиналған мәселе және оны бір сәтте шешу мүмкін емес. Осыған байланысты кешенді жұмыс жүргізу қажет.
— Жуырда комитетіміздің отырысы өтеді. Осы тақырыпты міндетті түрде көтеретін боламын. Айтар ұсыныстарымыз бар. Бұл ондаған жыл бойы жиналған мәселе екені белгілі. Бір сәтте шешілмейді. Кешенді жұмысты талап етеді. Тек бір министрлікке емес, алға қарай Энергетика министрлігіне, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына нақты ұсыныс пен хаттар жолданады. Олардың кейбір мүшелеріне жағдайды баяндап отырмыз, — деді Арман Хайруллин.
Ауа сапасына әсер ететін факторларды анықтау
Депутат соңғы күндері Атырауда қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасқанын атап өтті. Оның айтуынша, желдің баяу болуы атмосфералық ауа бассейнінде ластаушы заттар концентрациясының көбеюіне әсер еткен.
— Соңғы күндері Атырауда қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасты. Жел баяу болды. Сол себепті атмосфералық ауа бассейнінде ластағыш заттардың концентрациясы көбейіп, қалаға қарай беттей берді. Негізгі бағыты — оңтүстік-шығыс, оңтүстік аймақтан болды. Бұл бағытта бірнеше кәсіпорын бар. Булану алаңы бар. Әрине, солардың төресі — АМӨЗ, — деді ол.
Арман Хайруллиннің сөзінше, тексеріс барысында күкіртсутектен бөлек, изопропилбензол мен диэтилбензолдың ауа бассейнінде көп мөлшерде анықталуы да осыған дәлел болуы мүмкін.
— Ароматикалық күкіртсутектер негізінен АМӨЗ-дің процессингі нәтижесінен пайда болатын түзілістер. Бұлар бас айналу, жүрек айнуға әкеп соқтырады. Мұны медицина дәлелдеген, — деді депутат.
Қашаған мұнайындағы қосылыстарды бақылау
Депутаттың айтуынша, бұдан бөлек, АМӨЗ-ге түсе бастаған Қашаған мұнайының құрамында этил және метилмеркаптандардың үлкен фракциялары бар.
— Осы токсині көп Қашаған мұнайы АМӨЗ-ге кіре бастағалы Атырауда осындай шағымдар өте жиілеп кетті. Бұл газ мемлекеттік мониторинг тізімінде жоқ. Себебі ел бойынша оны тексеру әдістемесі жасақталмаған. Біздің ғылыми-зерттеу институттары жасақтамай жатыр, «Қазгидромет» оны көрші елдерден іздеп әлек. Осыны жасау қажет, — деді Арман Хайруллин.
Ол әр өңірдің өзіне тән ерекшелігі мен өндірісі бар екенін айтып, елдегі бақылау жүйесін соған сәйкестендіру қажет деп есептейді.
— Бұл алдағы жұмыстың бірі — ингредиенттердің қандайы бар, солар міндетті түрде көрсетілуі әрі тексерілуі керек. Екіншіден, Қашағанның улы мұнайы КҚК, одан әрі қарай Қара теңіз арқылы танкерлермен Еуропаға жетіп жатыр. Сол жақтағы мұнай өңдеу зауыттарында өңделеді. Олардың шағымы бар ма, жоқ па, соны зерделеуіміз керек. Егер жоқ болса, технологияларын зерттеп, бізге әкелуіміз қажет, — деп пікір білдірді депутат.
АМӨЗ-ге тәуелсіз технологиялық және экологиялық аудит жүргізу
Арман Хайруллин ескірген зауытқа «Самұрық-Қазынаға» тәуелсіз ғылыми-зерттеу институттарының өкілдерін шақырып, технологиялық және экологиялық аудит жүргізу қажет деп санайды.
Зауытта қолданылып отырған технологиялар әлемдегі үздік өндірістік технологияларға қаншалықты сәйкес келетінін салыстыру керек. Осы жұмыстар жүргізілгеннен кейін «ҚазМұнайГазды» зауытты жаңғыртуға қаржы бөлуге шақырамыз. Біз үшін экономикалық жетістік маңызды. Бірақ одан да маңыздысы — 400 мың адамның денсаулығы мен өмірі, — деді ол.
Мұнай тасымалдаушы компанияларға аудит жүргізу
Депутат «ҚазТрансОйл», КҚК секілді мұнай тасымалдау компанияларында да осындай аудит жүргізілуі керек екенін айтты.
— Резервуар парктеріне тек қалқымалы понтондарды қамтамасыз ету өте аз болады. Бұл жерде міндетті түрде рекуперация, абсорбция технологияларын қосу керек, — деп толықтырды Арман Хайруллин.
Депутаттың айтуынша, аталған ұсыныстар бойынша регламентке сай фракция атынан сауал жолданады.
Қыркүйек айы басталғалы бері атыраулықтардың ауа сапасына қатысты шағымы көбейді. Өңір тұрғындары әлеуметтік желі арқылы жағымсыз әрі басты ауыртатын иістің күшейгенін айтып, биліктен мәселені шешуді сұрады.
Мамандар 6-7 қыркүйек күні алған сынамаларды зерделеу барысында ауа құрамындағы кейбір ароматты көмірсутектердің мөлшері түнгі уақытта рұқсат етілген шектен 10-15 есеге дейін артқанын анықтады. Облыстық экология департаменті сасық иіс Атырау мұнай өңдеу зауытынан деп отыр.