Құрылтайдың құзыреті кеңейе түседі — Тоқаев

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы бүгінде мемлекеттік құрылымның жаңа үлгісі ұсынылып отырғанын, соған сәйкес биліктің барлық тармағы шешім қабылдаған кезде бірдей тәуелсіз болатынын айтты. 

Құрылтайдың құзыреті кеңейе түседі — Тоқаев
Фото: Ақорда

— Біз бір ел болып жаңа кезеңге қадам бастық. Мемлекеттік мекемелер жекелеген басшылардың қалауына қарай емес, Конституцияға және тиісті заңға сәйкес жұмыс істейді. Саяси жаңғырудың мән-маңызы да — осында.

Мемлекеттік биліктің табиғи, яғни эволюциялық жолмен дамуы мызғымас сипатқа ие болды. Бұл маңызды жұмысты тоқтату, тіпті, өткенді кері қайтару да мүмкін емес. Себебі халық ондайға жол бермейді. Мен бұған кәміл сенемін.

Бүгінде мемлекеттік құрылымның жаңа үлгісі ұсынылып отыр. Соған сәйкес биліктің барлық тармағы шешім қабылдаған кезде бірдей тәуелсіз болады. Ал Президент олардың кедергісіз, үйлесімді жұмысын қамтамасыз етеді, — деді Президент.

Ол Құрылтайдың құзыреті кеңейе түсетінін айтты.

— Еліміздің басты өкілді органы — Құрылтайдың құзыреті кеңейе түседі. Бір палаталы Парламент тиімді заң шығару қызметін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Әлемдік тәртіп пен ішкі реформалар түбегейлі өзгеріп жатқан кезеңде заманауи сын-қатерлерге дер кезінде төтеп беру бәсекеге қабілетті мемлекеттің басты сипатына айналды. Сондықтан бұл шешімнің маңызы зор, — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Халық Кеңесіне заң шығару бастамасын беру оның институционалдық рөлін нығайта түсетінін айтты.

— Өз кезегінде, жоғары кеңесші орган саналатын Халық Кеңесі мемлекет пен қоғам, әртүрлі әлеуметтік-этностық топтар арасында сенімді байланыс орнатады.

Ал Халық Кеңесіне заң шығару бастамасын беру оның институционалдық рөлін нығайта түседі.

Барлық саяси жаңғыру ел тағдырына институционалдық жауапкершілікті күшейту ниетінен туындап отыр. Бір ғана тірекке арқа сүйеген саяси жүйе әлсіз болады әрі ұзаққа шыдамайды. Мұны әлемдік тәжірибе дәлелдеді.

Біз, шын мәнінде, халықтық билік қалыптастырудамыз. Оның өзегінде әлеуметтік әділдік, жасампаз отаншылдық, Заң мен тәртіп үстемдігі, азаматтардың заңды құқықтары мен бостандықтарын сақтау, білім, ғылым және технологияның дамуына басымдық беру, мемлекетіміздің Тәуелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау секілді ешқашан ескірмейтін, мәнін жоймайтын құндылықтар жатыр, — деді ол.

Айта кетелік Президент қатысуымен мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумы өтіп жатыр

Соңғы жаңалықтар