Құрлық әскерлері Пәкістандағы әскери жарыста бақ сынап жатыр

жарыс
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің әскери қызметшілері «Пәкістан армиясының командалық рухы-2024» халықаралық жарысына қатысып жатыр. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Пәкістанның астанасы Исламабадтың жанындағы ежелгі Равалпинди қаласында әскерлер сайысы өтіп жатыр. Аталмыш жарыста Қазақстан Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің әскери бөлімдерінен 12 әскери қызметші қатысып жатыр. 

Әскери-спорттық турнирдің кезеңдеріне «қарсыластың нысанын анықтау», «тосқауылдағы іс-қимыл» «артиллерия атысын реттеу», «жедел медициналық көмек көрсету және жаралыларды тасымалдау», «учаскені минадан тазарту» және «түнде су бөгеттерін еңсеру» кіреді.

әскер
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Қарсыластар Калашников автоматынан ату дағдыларын да көрсетеді. Одан басқа маршруттың жылдам өту мүмкіндігі мен тапсырмаларды пысықтау сапасы, яғни нәтижесі ескерілетін болады.

Кезеңдердің сәтті орындалуы бөлімшелер құрамындағы әскери қызметшілердің күш-қуаты және тактикалық дайындық деңгейіне байланысты. Іс-әрекеттің үйлесімділігі, төзімділік және командалық рух жеңіске жету жолында шешуші рөл атқармақ.

армия
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

«Пәкістан армиясының командалық рухы-2024» халықаралық жарыстары 2016 жылдан бастап тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл жолы жарысқа Бахрейн, Йордания, Ирак, Қазақстан, Катар, Сауд Арабиясы Корольдігі, Мальдив, Марокко, Пәкістан, АҚШ, Тайланд, Түркия, Өзбекстан және Шри-Ланка әскери қызметшілері қатысуда.

Соңғы жаңалықтар