Құрлықтағы мұнай қорының көлемі артып келеді
АСТАНА. KAZINFORM – Әлемдегі мұнай қоры екінші ай қатарынан артып келе жатыр. Мұндай дерек Халықаралық энергетикалық агенттіктің соңғы есебінде келтірілген.

Энергетикалық қадағалаушы органнның мәліметінше, жалпы әлемдік мұнай қоры екінші ай қатарынан артып, наурызда 7,7 млрд баррелге дейін жеткен. Осы орайда агенттік биыл мұнай қоры орташа есепен тәулігіне 720 мың, ал келесі жылы тәулігіне 930 мың баррелге ұлғаятындығын болжап отыр.
Сәуірдің ортасынан мамырдың ортасына дейін шикі мұнайдың әлемдік қоры құрлықта 100 млн баррелден астамға артып, 3,127 млрд баррелге жетті. Француздық Kayrros геоталдау компаниясының сарапшысы Августина Праттың айтуынша, бұл COVID-19 індеті уақытынан бері құрлықтағы қордың ең үлкен көрсеткіші саналады.
Әлемдегі мұнайды ең ірі импорттаушы Қытайда мамыр айында мұнай қоры рекордтық жоғары деңгейге – 1,127 млрд баррелге жетті. Бұл үкімет пен мұнай өндіруші компаниялардың қара алтынның төмен бағасы кезінде қор жинақтап алу бойынша келісілген шартымен байланысты болуы ықтимал.
Соңғы уақытта теңіз танкерлерінде сақталған мұнай көлемінің артуы да алаңдатарлық жайттардың бірі болып тұр. Kpler компаниясының дерегінше, соңғы айда танкерлерде 7 күннен астам тұрған шикі мұнайдың, конденсат пен мұнай өнімдерінің көлемі 14 пайызға артып, 160 млн баррелге жетіп отыр. Бұл да соңғы 2 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.
Бұған дейін Қазақстан Еуропаға ең ірі мұнай жеткізушілер үштігіне енгенін жазған едік.