Құрлық әскерлері - қазақстандық армияның басты жауынгерлік күші - ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Мұрат Майкеев

АСТАНА. 7 мамыр. ҚазАқпарат - Қазіргі күні Қазақстанның саны жағынан ықшам, жақсы жарақталған және ұрысқа қабілетті, заманауи Құрлық әскерлері құрылды деп айтуға толық негіз бар. Бұл үдеріс осымен тоқтап та қалмақ емес. Ел билігі әскерилеріміздің біліктілігін арттыру саясатын одан әрі  жалғастыра бермек. Бұны Елбасы - ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев та сан мәрте атап өткен еді.
None
None

Бүгін Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына 20 жыл толып отыр. Осы атаулы күн қарсаңында елдің аумақтық тұтастығы мен егемендігін, шекарасын, мемлекеттік және әскери нысандарын қарумен күзететін ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Мұрат Майкеевпен сұхбаттасудың сәті түскен еді. ҚазАқпарат оқырман назарына осы сұхбатты ұсынады.

- Мұрат Жәлелұлы, Кеңес Одағы ыдырап, Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары армиямыздың қиын-қыстау кезеңді бастан өткергендігін білеміз. Ал бүгінде тарих үшін қасқағым сәт саналатын 20 жылда  заман талабына сай әскерімізді қалыптастырдық деп айтуға толық негіз бар. Осы ретте Қарулы Күштеріміздің өсіп-өркендеу жолына бір назар аударсаңыз.

- Шындығында да егемен елдің қалыптасуы аса күрделі геосаяси үдерістер аясында жүрді. Бұрынғы КСРО-ның оңтүстік шекаралары тұрақсыздық белдеуі ретінде, тіпті әскери жанжалдар шығуы ықтимал ошақтар ретінде сипатталатын. Ауғанстандағы соғыс мемлекеттік шекаралар шептерінен аттап өтіп, анық әскери қауіпке айналды. Қырғызстанның Ош қаласында өзбек пен қырғыз халықтары өкілдерінің қанды қақтығысы орын алып, нәтижесінде ондаған кінәсіз адамдар қаза тапты. Кавказда Әзірбайжан мен Армения арасында соғыс болды. Грузия шекаралары түбінде де соғыс өрті тұтанды.  Міне осындай қиын кезеңде мемлекеттік саясаттың әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы алғашқы қадамдарының бірі ҚР Президентінің 1991 жылғы 25 қазанда шыққан «Қазақ КСР-і Мемлекеттік қорғаныс комитетін құру туралы» Жарлығы болды. Екі айдан кейін, 16 желтоқсанда ҚР-ның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заң қабылданып, ол «Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын күзету мақсатында өз Қарулы Күштерін құруға құқылы» деп анықтады. Айта кетерлігі, осы кезеңдерде өткен Қауіпсіздік кеңесі жағдайды жан-жақты және терең зерделегеннен кейін республикада орналасқан бөлімдер мен құрамаларды, бірін қалдырмастан, түгел Қазақстан Президентінің бақылауына алу қажет деген қорытындыға келді. Осылайша өзінің дербес Армиясын құруға заңды құқығын ҚР 1992 жылғы 7 мамырда ел Президентінің «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығы шығуымен іске асырды.

Қарулы Күштер құрылысының бастапқы кезеңіндегі аса маңызды проблема егемен ел Армиясының нормативтік-құқықтық негізін құру болды. 1993 жылғы ақпанда ҚР-ның бірінші Әскери доктринасы қабылданды. Онда Қазақстанның, егер оның өзі немесе одақтастары қарулы агрессия объектісіне айналмаса, қандай да бір мемлекетке қарсы әскери іс-қимылдарды ешқашан, ешқандай жағдайда да бірінші болып бастамайтындығы көрсетілді. Оны былай қойғанда, доктринада біздің Республиканың ешкімге қауіп төндірмейтіндігі, барлық мемлекеттермен қарым-қатынасты қауіпсіздік мүддесін өзара ескеру негізінде құруға әзір екендігі, әскери үстемдікке де ұмтылмайтындығы атап көрсетілді. Одан кейінгі жылдарда Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы 2000 жылғы 10 ақпанда бекітілген екінші Әскери доктринаның базисіне айналды. Нақ сол кезде алғаш рет Қарулы Күштерді елдің жалпы ішкі өнімінің кемінде 1 пайыз көлемінде кепілді бағдарламалық-мақсатты қаржыландырып отыру ұстанымы нормативтік түрде бекітілді. Жаңа доктрина Қарулы Күштерді құру мен реформалаудың: құрылымды оңтайландыру; Ұтқыр күштерді басымдылықпен дамыту; басқару жүйесін жетілдіру, әскери-аумақтық құрылымға ауысу; резервті даярлау жүйесін жасау; әскери білім беру және әскери кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру, әскери-ғылыми базаны құру және дамыту; әскери қызмет мәртебесін көтеру; әскери-қызметтік қарым-қатынастарды адамгершілдендіру секілді басты бағыттарын айқындады. 2007 жылғы келесі Әскери доктринада мемлекеттің әскери ұйымын дамытудың негізгі бағыттарының бірі өңірлік қолбасшылықтар әскерлерінің белгіленген жауаптылық аймақтарында әскери қауіпсіздік міндеттерін шешу мәселелеріндегі нақты дербестігін қамтамасыз ету және әскерлердің стратегиялық бағыттардағы жеткілікті топтастықтарын құру болып айқындалды.

- Жаңа мемлекеттің жаңа Армиясының нормативтік-құқықтық базасын жасаумен бір уақытта ұлттық Қарулы Күштердің бейнесі мен құрылымын, олардың басқару органдарын қалыптастыруда тынымсыз жұмыс жүргізілгендігі белгілі. Аталған жұмыстардың қалай жүргізілгенін тарқата айтып берсеңіз.

- 1991 жылдың соңына таман Қазақстан аумағында КСРО Қарулы Күштері әскерлерінің жалпы саны шамамен 200 мың адамдық топтастығы болды. Кадр мәселесін шешу қиындады. Түрлі ұлтты әскери қызметшілердің өз елдеріне белсенді кетуі кезеңінде Қазақстан әскери мамандардың жеткіліксіз мөлшерімен қалды. Өз армиямызды құрып жатқан аса жауапты кезеңде Қазақстанда қызметте жүрген көптеген офицерлер қызмет өткеруді ТМД-ның басқа мемлекеттерінде жалғастыруға немесе запасқа шығуға шешім қабылдады. Екі жарым жыл ішінде, 1992 жылғы мамырдан 1995 жылғы қаңтарға дейін офицерлердің кетуі ең жоғарғы деңгейге - тізімдік құрамның 89 пайызына жетті. Қазақстанның жас армиясы кадр жетіспеушілігін бастан кешіріп жатты. 1993 жылдың соңына таман негізгі құрамалар мен бөлімдердің офицерлермен жасақталуы 50-60 пайыз шамасында болса, кейбір полктер 40, ал Георгиевтегі мотоатқыштар полкі тек 27 пайыз ғана жасақталды. Үшарал гвардиялық мотоатқыштар полкінен 1992-1995 жылдар аралығында командир, штаб бастығы, командирдің қару-жарақ, тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі орынбасарлары; киім-кешек, азық-түлік, жанар-жағар май материалдары, радиациялық, химиялық және бактериологиялық қорғау қызметтерінің бастықтары кетіп қалды. Алматы мотоатқыштар полкінің батальондарында бірде-бір штаб бастығы, бірде-бір батальон командирінің орынбасары болған жоқ. Полк қызметтері бастықтарының лауазымдары және танк роталары командирлерінің лауазымдары бос тұрды. Тек Қорғаныс министрлігінің жедел және ұтымды шараларының, жас Армияны құруда тынымсыз еңбек еткен генералдар мен офицерлердің, олардың күрделі шешім қабылдай білуінің арқасында ғана бізге жағдайды оңдап және Қарулы Күштерді сақтап қана қоймай, әрі қарай қарыштап дамуға плацдарм жасау мүмкіндігі туды.

- Жалпы осы Қазақстан Қарулы күштері құрамындағы құрлық әскерлерінің пайыздық үлесі қандай?

- Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қарулы күштердің басқа түрлерінің қарқынды дамуына қарамастан, Құрлық әскерлері, бұрынғысынша, басым түрде қалып отыр және әлемнің жетекші армияларының негізін құрайды. Мысалы, бұл көрсеткіш АҚШ-та - 46, Ұлыбританияда - 48, Германияда - 69, Қытайда - 70 пайыз. ҚР Қарулы Күштерінің құрамында, оның бір түрі ретінде, тиісті міндеттемелері мен өкілеттіктері бар Құрлық әскерлері болу керек деген түсінік алғаш рет 1996 жылы келді. Сөйтіп, 19 шілдеде Қорғаныс министрінің ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің басқармасын құру туралы Директивасы шықты.

Шындық үшін айту керек, осындай түрдегі, аталған міндеттері мен өкілеттіктері бар Құрлық әскерлерінің басқармасы ұзақ өмір сүрген жоқ. Жаңа геосаяси ақиқаттарға сәйкес әскери басқару жүйесін тұтас вертикаль бойымен: мемлекеттіктен әскерлер деңгейіне дейін қайта құру қажеттігі туды.  Басқару жүйесінің айтарлықтай өзгерістері басқарудың мынадай үш түрін қарастырды: - әскери-саяси - бұл Қорғаныс министрлігінің халықаралық ауқымдағы әскери және саяси мәселелерді шешуге қабілетті департаменттері мен басқармалары; - стратегиялық - Қарулы Күштерді жауынгерлік қолдануды жоспарлауға, оларға әскери жанжалдарда іс жүзінде басшылық жасауға арналған. Оны Бас штаб пен оның құрамына кіретін департаменттер мен басқармалар; жедел - Қарулы Күштер түрлері қолбасшыларының басшылығымен топтастықтардың операциялар дайындауы мен жүргізуін бейбіт уақытта жоспарлау.  Ал енді сұрағыңызға жауап берер болса, Қарулы Күштердің бүкіл жеке құрамының ішіндегі құрлық әскерлері жауынгерлерінің үлесі: офицерлерде - 36, келісімшарт бойынша әскери қызметшілерде - 54, мерзімді қызмет сарбаздарында - 82 пайызды құрайды. Алайда, саны айтарлықтай көп болған және ең заманауи қарумен жарақталған жағдайдың өзінде де олар өз мақсатын тек қарулы күрестің қазіргі заманғы тәсілдерін меңгергенде, жеке құрамның жоғары моральдық-жауынгерлік қасиеттері, жауынгерлік техника мен қару-жарақтың жауынгерлік мүмкіндіктерін пайдалана білу дағдылары болғанда ғана орындай алады. Қаруды білуге, оны пайдаланудың тұрақты дағдыларына, әскери қызметшілердің, бөлімшелердің, бөлімдер мен құрамалардың жауынгерлік жағдайдағы тығыз өзара іс-қимылына тек жауынгерлік даярлықпен ғана жетуге болады.

- Қазақстан халықаралық әскери әріптестікті жолға қойып, бірқатар бітімгершілік іс-шараларына да қатысты ғой.

- Иә, Қарулы Күштер басшылығы олар құрылған күннен бастап халықаралық әскери әріптестікке, басқа елдер армияларымен өзара іс-қимылға және тәжірибе алмасуға көп көңіл бөлді. ТМД мемлекеттерімен әріптестікке Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт, сондай-ақ қорғаныс сипатындағы жекелеген мәселелер бойынша екіжақты келісімдер негіз болды. Бұл ретте, тиісті келісімдерге қол қойылмай тұрып-ақ, тек мемлекет басшыларының шешімдері негізінде нақты бірлескен шараларды қабылдауға өмірдің өзі мәжбүр етіп отырды. Сөйтіп, 1993 жылғы маусымда Тәжікстанға оның Ауғанстанмен шекарасын күзетуге көмек көрсету үшін Қазақстанның жеке құрама атқыштар батальоны құрылды. Бастапқыда батальон құрамына Құрлық әскерлерінің екі ротасы, Шекара әскерлерінің екі ротасы және ІІМ Ішкі әскерлерінің бір ротасы кірген болатын. Пяндж өзенінің бойындағы Қалай-Хумб кентінен Хорог қаласына дейінгі шекараның 100-ден аса шақырым жері қазақстандықтар күзетуіне берілді. Ірі шайқастардың бірі 1994 жылы күзде Хорогқа жақын жерде болды, онда 200 содырдан тұратын банда талқандалды. Өкінішке орай, қақтығыстардың бәрі бірдей табысты аяқталған жоқ. 1995 жылғы 7 сәуірде роталардың бірінің автолегі Пшихров шатқалында тосқауылға ұшырады. Ұрыста 17 сарбаз бен сержант қаза болды. Қазақстандық батальон осы уақыт ішінде барлығы 300 шекара бұзушыны ұстады және шекаралық өзеннен өтудің 30 топтық әрекетіне тойтарыс берді, 60 адамынан айрылды.

Қазақстандық бөлімшелерді БҰҰ-ның қамқорлығымен бітімгершілік істерге тартудың алғашқы тәжірибесі 1995 жылғы 15 желтоқсанда Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан президенттері құрған Ортаазиялық бітімгершілік батальоны болды. Кейін келе, бітімгерлік операцияларға қатыстыру үшін Қапшағайда «Қазбат» қазақстандық бітімгерлік батальоны құрылды. Бұл бітімгер құралым біздің елдің халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтаудағы міндеттемелерін орындауға арналды. «Қазбат» жауынгерлері 2003 және 2008 жылдар аралығында Ирактағы Көпұлтты халықаралық ұжымдық қауіпсіздік күштері құрамында бітімгершілік миссия орындау кезінде жауынгерлік міндеттерін абыроймен атқарып шықты. Біздің әскери қызметшілерге жарылмай қалған оқ-дәрілерді іздестіру мен жою, далалық сумен жабдықтау пункттерін жарақтау, суды тазалау және жергілікті тұрғындарға медициналық көмек көрсету тапсырылған болатын.  Осы уақыт ішінде 4 млн аса қаупі бар заттар жойылды, Ирак қауіпсіздік күштері үшін жарылу қаупі бар заттарды жою жөніндегі 488 маман мен әскери сүзгіш станцияның 10 есептобы даярланды, 7 мыңнан астам ирак азаматына медициналық көмек көрсетілді. Өкінішке орай, қазасыз да болмай қалған жоқ - жауынгерлік тапсырма орындау кезінде капитан Қайрат Құдабаев қаза тапты.

Осы орайда айта кетерлігі, әскерлердің жауынгерлік және жұмылдыру даярлығын ұйымдастыру мәселелерін шешпей тұрып, қазақстандық армияның Құрлық әскерлерін құру мүмкін емес еді. Армияның алғаш құрылған жылдарында-ақ Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Ә. Назарбаев, ең алдымен, құрамалар, бөлімдер және бөлімшелер командалық құрамының генералдары және офицерлерінің жауынгерлік іс-қимылдар жүргізудегі практикалық дағдыларды меңгеруіне қол жеткізуді, олардың бойына қазіргі заманғы жалпыәскери ұрысты жүргізуге қажетті тактикалық ой-өрісті сіңіруді талап етті. Осы мақсатта әскери оқу-жаттығулар белсенді әзірленіп, өткізіле бастады. Оларда оқу-жаттығуларды өткізу әдістемесі жеткізіліп, басшылық буындарының іс-қимылдарындағы кемшіліктерге жан-жақты талдау жүргізілді. Басшы құраммен, құрамалар және бөлімдер командирлерімен жауынгерлік даярлық бойынша көрсету сабақтары, Құрлық әскерлерінің авиациямен өзара әрекеттестіктегі жауынгерлік іс-қимылдары пысықталатын оқу-жаттығулар өткізілді. Соңғы жылдардағы жергілікті соғыстар мен әскери жанжалдар тәжірибесі әскерлердің кез келген ахуалда және айқын белгіленген майдан шебі болмайтын әрі жауынгерлік іс-қимылдар жергілікті жердің нақты объектілерін басып алып, ұстап тұруға емес, қарсылас топтастықтарын талқандауға, оның оқ ату құралдарын жаншуға, маневр жасау еркіндігінен айыруға, әскерлер мен коммуникацияларды басқару құралдарын бөліп тастауға бағытталатын жағдайларда да соғыса білуге тиіс екендігін үйретті.

 - Мұрат Жәлелұлы, әңгіменің ауанын әскеріміздің құрылу тарихына қайта бір мәрте бұрып, жалпы осы кезеңдегі Армиямыздың материалдық-техникалық қамтамасыз етілу мәселесі төңірегінде сөз қозғасақ.

- Бірден айтайын, әскери құрылыс тәжірибесі Қарулы Күштерді құрудың аса маңызды элементтерінің бірін қамтамасыз етудің барлық түрлерінің және ең алдымен, материалдық-техникалық қамтамасыз етудің жетілдірілуі, өз қорғаныстық-өнеркәсіптік кешенінің дамуы болып табылатындығын көрсетті. Мемлекеттің қалыптасуының қиын жылдарында армияның объективті негізде жеткіліксіз қаржыландырылуы қару-жарақ пен жауынгерлік техника жай-күйінің нашарлауына әкеліп соқтырды. Қару-жарақ пен әскери техниканың пайдаланылуы мен сақталуы қауіпті деңгейге жетті. 90-шы жылдар басында жауынгерлік техника мен қару-жарақтың көптеген техникалық ақаулары болды. Қосалқы бөлшектермен жарақталмау 60-70 пайызға жетті, аккумулятор батареяларының пайдалану мерзімдері өтіп кетті. Жөндеу зауыттары ТМД аумағында қалғандықтан, дереу өз қорғаныс өнеркәсібі кешенін құру және дамыту қажет болды. Қару-жарақ пен техниканың техникалық жай-күйінің нашарлауына қару-жарақ пен техникаға қызмет көрсету мен жөндеу жөніндегі дайындалған кіші мамандардың болмауы да себеп болды. Жөндеу бөлімшелерінің жөндеу жұмыстарын сапалы орындауға, қару-жарақ пен техниканы ақаусыз күйде ұстауға шамасы жетпеді. Бұл - былай қарағанда шешілмейтіндей көрінген қарама-қайшылықтар мен проблемаларға толы күрделі жол еді. Тек, Мемлекет басшысының ел қорғаушыларына жасаған күнделікті қамқорлығының, Жоғарғы Бас қолбасшының командалық құрамға ұдайы талап қойғандығының арқасында ғана қазір Қарулы Күштерде қамтамасыз етудің барлық түрлерінің үздіксіз жүйесі қалыптастырылды. Жылдан-жылға оқу-материалдық база жетілдіріліп, қару-жарақ пен әскери техниканың ең жаңасын сатып алу және қолдағы барын түпкілікті жаңғырту жүргізілуде, қызмет функцияларының бір бөлігі бәсекелес ортаға берілді, бұл әскери қызметшілерді оларға тән емес функцияларды атқарудан босатуға мүмкіндік жасады. Мемлекетіміздің басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мақсатшыл еңбегінің арқасында елде тұрақты экономикалық даму табысты жүзеге асуда, бейбітшілік пен саяси тұрақтылық, азаматтардың тең құқықтылығы мен ұлтаралық келісім сақталуда. Қол жеткен табыстар Қазақстан азаматтарының тұрмысын жақсарту, экономиканы жаңғырту, қазіргі заманғы азаматтық қоғамды қалыптастыру тұрғысында одан әрі жүйелі қадамдар жасау үшін орнықты негіз болды деп сенімді түрде айтуға болады.  Бүгінде Құрлық әскерлерінің құрамында төрт өңірлік қолбасшылық әскерлері, Аэроұтқыр әскерлер, Ракета әскерлері мен артиллерия, арнайы әскерлер, сондай-ақ тылдық және техникалық қамтамасыз ету құрамалары мен бөлімдері, медициналық мекемелер бар.

- Бүгін егемендік алып, етек-жеңін қымтаған еліміздің айбарлы Қарулы Күштерінің 20 жылдығы. Осы жүріп өткен 20 жылды қалай бағалайсыз?

- Қазақстан Қарулы Күштерінің 20 жылдығы - бұл қазақстандық армияның қалыптасу және даму кезеңдерін саралауға, кейбір қорытындыларды жасап, болашақтың міндеттерін нақтылауға мүмкіндік беретін маңызды шеп. Осы жылдар ішінде сыртқы саясат пен әскери құрылыс саласында ел басшылығы жүзеге асырған шаралар кешені мемлекеттің әскери қауіпсіздігін оның егемендігінің қалыптасу кезеңінде тек қамтамасыз етіп қана қоймай, бүкіл әлемдік қауымдастықтың мойындауы мен қолдауына ие болуға мүмкіндік жасады.

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру мен дамытудың күрделі және көп қырлы үдерісін толық саралау тарихшылар еншісінде. Ең маңыздысы - жаңа егемен мемлекеттің жас армиясы өзінің алғашқы күндерінен бастап-ақ Елбасының дана басшылығының арқасында бәрін: офицерлік құрамның жаппай кетуін, қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа түрлерімен жарақтаудың болмауын, инфрақұрылым объектілерінің бұзылуын, әскери қызмет мәртебесінің ең төменгі деңгейге дейін құлдырауын, жасақтаудағы, жауынгерлік және жұмылдыру даярлығының, әскерлерді жан-жақты қамтамасыз етудегі проблемаларды жеңіп шыға алды.  Бар-жоғы 20 жылдың ішінде бұрынғы кеңестік кеңістіктегі ең жауынгерлік қабілетті Қарулы Күштердің бірі құрылды. Әскери қызметшілер тұрмысының үздіксіз жақсартылуы армиядағы қызметтің қадірі мен беделін арттырды.   Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Елбасының тұрақты көңіл бөлуінің, оның дана да көреген саясатының арқасында мүмкін болған ақиқат факт екендігін бүгінде күллі әлем мойындап отыр.

- Уақытыңызды бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет! Қазақстан Қарулы Күштері қатарында атқарып жатқан қызметіңіз жемісті болсын! Орай келіп тұрған сәтті пайдаланып, бүгінгі мерекеге орай қаруластарыңызға деген ақ ниетіңізді білдірсеңіз.

- Мерекелеріңіз құтты болсын, жауынгер достар! Біздің Отанымыз - Қазақстан Республикасының игілігі үшін еткен мәртебелі жауынгерлік еңбегімізде жаңа табыстарға қол жеткізе берейік! Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының басшылығындағы қазақстандық армияны ерлік істер кезегі күтуде!

Соңғы жаңалықтар