Құрлықтық хоккей лигасы: «Барыс» бүгін Магнитогорскінің «Металлургімен» кездеседі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Барыс» бүгін Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын сырт айдында Ресейдің «Металлург» (Магнитогорск) командасымен өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құрлықтық хоккей лигасы: «Барыс» бүгін Магнитогорскінің «Металлургімен» кездеседі

Кездесу елорда уақытымен 20:00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Екі команда бүгінге дейін 53 мәрте шеберлік байқасты. Оның 18-і «Барыстың» басымдығымен аяқталса, қалғанында ресейлік клубтың мерейі үстем болды.

«Барыс» бұдан бұрын елордада Ресейдің «Автомобилист» командасынан овертаймда 5:4 есебімен басым түсті.

Биыл 5 қыркүйекте елордада өткен екі команда арасындағы алғашқы кездесуде «Металлург» 2:1 есебімен жеңген болатын.

Ал «Металлург» Магнитогорскіде Мәскеудің ЦСКА командасын 4:0 есебімен тізе бүктірді.

Айта кетейік, «Барыс» 11 ойыннан кейін 8 ұпаймен турнир кестесінде 18-орында келеді. Ал «Металлург» 18 ұпаймен 2-орында тұр.