Құрлықтық хоккей лигасы: «Барыс» қатарынан төртінші мәрте жеңіске жетті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құрлықтық хоккей лигасы: «Барыс» қатарынан төртінші мәрте жеңіске жетті

Кездесуде алғашқы минуттарда қытайлық хоккейшілер сәтті ойын өткізді. Нәтижесінде олардың қатарынан Алекс Рич 17, Жуди Ин 22, Михаэль Там 25-минуттарда мергендік танытты.

Одан кейінгі кезекте «Барыс» сапынан Егор Петухов 28, Роман Старченко 31, Линден Вей 33-минуттарда гол соғып, таразы басын теңестірді. Ал Якоб Лилья 38, 44-минуттарда екі голдың авторы атанып, елордалық клубты алға шығарды.

Бұдан кейін қытайлық командадан Итан Верен 48-минутта есеп айырмасын қысқартқан еді. «Барыс» хоккейшілері Коди куник 49, Мэтт Фрэттин 51-минуттарда көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Елордалық клуб қарсыласынан 7:4 есебімен басым түсті. Осылайша қатарынан төрт мәрте жеңіске жетті.

Қазір «Барыс» 37 ойыннан кейін 36 ұпаймен турнир кестесінде 18-орыннан 16-орынға көтерілді.

«Барыс» енді келесі ойынын 12 желтоқсанда елордада Ресейдің «Нефтехимик» (Нижнекамск) командасына қарсы өткізеді.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» елордада «Сочи» командасын жеңді.