Құрлықтық хоккей лигасы: «Барыс» «Куньлунь Ред Стардан» басым түсті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Барыс» бүгін Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» (Бейжің) командасымен өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құрлықтық хоккей лигасы: «Барыс» «Куньлунь Ред Стардан» басым түсті

Екі команда биылғы турнирді сәтсіз өткізіп келеді. Қазір «Барыс» 17 ойыннан кейін 14 ұпаймен турнир кестесінде 18-орында келеді.

Ал «Куньлунь Ред Стар» 11 ұпаймен 23-орында тұрған еді.

Сондықтан ойын барысында командалар шайба соғудың жолын іздеді. Бірінші кезеңде есеп ашылған жоқ.

Екінші кезеңнің 21-минутында Никита Михайлис қарсыластар қақпасынан саңылау тапты. Осылайша қазақстандық клуб алға шықты.

Үшінші кезең аса тартысты өтті. Командалар негізінен шабуыл шебінде бой көрсетті.

Қытайлық командадан 58-минутта Тайлер Вонг таразы басын теңестіріп, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда жеңімпаз анықталған жоқ.

Буллитен «Барыс» басым түсті.

Екі команда бүгінге дейін 16 мәрте шеберлік байқасты. Оның 11-і «Барыстың» басымдығымен аяқталса, қалғанында қытайлық клубтың мерейі үстем болды.

Енді «Барыс» алдағы ойынын 17 қазанда Ресейдің СКА (Санкт-Петербург) командасымен өткізеді.