Құрлықтық хоккей лигасы: «Барыс» латвиялық «Динамодан» жеңіліп қалды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Барыс» бүгін Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын сырт айдында Латвияның «Динамо» (Рига) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құрлықтық хоккей лигасы: «Барыс» латвиялық «Динамодан» жеңіліп қалды

Бүгінгі кездесу барысында латвиялық хоккейшілер жеңіске жетуге барынша күш салды. Ойын басынан бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды.

Нәтижесінде олардың қатарынан Фрэнк Коррадо 12, Себастьян Веннстрём 13-минуттарда мергендік танытты. Бұдан кейін «Барыс» хоккейшілері қарымта шабуылға шықты.

Есесіне үшінші кезеңнің 43-минутында латвиялық командадан Эмиль Пуарье басымдықты арттыра түсті. Ал 52-минутта «Барыс» қорғаушысы Джо Морроу есеп айырмасын қысқартқан еді. Ойынның бітуіне небәрі бір секунд қалғанда Никита Михайлис қақпаны дәл көздеді.

Осылайша «Барыс» қарсыласына 2:3 есебімен жол берді.

Айта кетсек, екі команда бүгінге дейін 25 мәрте шеберлік байқасты. Оның 17-і «Барыстың» басымдығымен аяқталса, қалғанында латвиялық клубтың мерейі үстем болған еді.

Енді «Барыс» 18 қыркүйекте Финляндияның «Йокерит» (Хельсинки) командасымен кездеседі.

Еске салсақ, елордалық клуб алғашқы бес кездесудің небәрі екеуінде ғана жеңіске жетті.