Құрлықтық хоккей лигасы: «Барыс» овертаймда «Автомобилистен» басым түсті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Барыс» бүгін Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Автомобилист» (Екатеринбург) командасымен өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Кездесу аса тартысты өтті. Командалар бір-бірінің қақпасына жиі шабуылдады. Нәтижесінде олар қақпадан саңылау тапты.

Бірінші кезеңде командалар бір-бір шайбадан алмасты. Ойынның 2-минутында «Барыс» хоккейшісі Даррен Диц мергендік танытса, 4-минутта ресейлік командадан Данил Романцев таразы басын теңестірді.

Екінші кезеңнің 29-минутында қазақстандық Егор Петухов қайтадан «Барысты» алға шығарса, одан кейін «Автомобилист» сапынан Джесси Блэкер 31, Георгий Белоусов 37-минуттарда көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Үшінші кезеңде басталғаннан кейін қазақстандық командадан Никита Михайлис 43, Джо Морроу 46-минуттарда гол соқса, 50-минутта ресейлік Алексей Макеев тағы да таразы басын теңестірді.

Негізгі кезең 4:4 есебімен аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда жеңіс шайбасын Якуб Лилья соқты. Осылайша «Барыс» қарсыласынан 5:4 есебімен басым түсті.

Енді «Барыс» 29 қыркүйекте сырт айдында Ресейдің «Металлург» (Магнитогорск) командасымен кездеседі.

«Барыс» бұдан бұрын елордада Ресейдің «Сибирь» командасын овертаймда 2:1 есебімен басым түскен еді.


Соңғы жаңалықтар