Құрлықтық хоккей лигасы: «Барыс» «Сочи» командасын жеңді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Барыс» бүгін Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада «Сочи» командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құрлықтық хоккей лигасы:  «Барыс» «Сочи» командасын жеңді

Кездесуді қос команда белсенді бастады. Алғашқы сәтте ресейлік клуб хоккейшілері «Барыс» қақпасы маңында жиі бой көрсетті.

Бірінші кезеңнің 4-минутында олардың қатарынан Кирилл Петьков «Сочи» командасын алға шығарды. Одан кейін қазақстандық клубтан Әлихан Әсетов 9, Роман Савченко 14-минуттарда мергендік танытты.

Екінші кезеңде Якоб Лилья 29, 39-минуттарда қос голдың авторы атанды.

Үшінші кезеңде де айдын иелері басымдықты арттырды. Нәтижесінде «Барыс» хоккейшісі Кирилл Савицкий 49-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Ал ресейлік клубтан 59-минутта Янис Якс қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша «Барыс» қарсыласынан 5:2 есебімен басым түсті.

Қазір «Барыс» 37 ойыннан кейін 36 ұпаймен турнир кестесінде 20-орыннан 18-орынға көтерілді.

Енді елордалық клуб келесі кездесуін елордада 10 желтоқсанда Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» командасына қарсы өткізеді.

Еске салсақ, «Барыс» бұдан бұрын Ресейде «Ак Барс» (Қазан) командасынан басым түсті.