Құрлықтық хоккей лигасы: «Барыс» «Сочи» командасына есе жіберді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Барыс» бүгін Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейде «Сочи» командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құрлықтық хоккей лигасы: «Барыс» «Сочи» командасына есе жіберді

Кездесу барысында командалар гол соғу мүмкіндігін іздеді. Алдымен айдын иелері қатарынан үш шайба соғып кетті. Ресейлік клубтан Артём Николаев 16, Кирилл Мильниченко 18, Александр Гордин 23-минуттарда мергендік танытты.

Одан кейін қазақстандық клуб хоккейшілері екі шайба соғып, есеп айырмасын қысқартқан еді. Бұл голдар 32, 36-минуттарда Кёртис Валк пен Роман Старченконың еншісіне жазылды.

Келесі кезекте «Сочи» сапынан Никита Камалов 46, Иван Мищенко 54-минуттарда есепті үстемелей түсті.

«Барыс» енді келесі ойынын 18 қарашада Ресейде «Спартак» (Мәскеу) командасына қарсы өткізеді.

Айта кетсек, екі команда бүгінге дейін 14 мәрте шеберлік байқасты. Оның 9-ы «Барыстың» басымдығымен аяқталса, қалғанында ресейлік клубтың мерейі үстем болды.