15:55, 14 Қаңтар 2009 | GMT +5
Күрмеуі көп көші-қон мәселесі Қызылордада қалай шешіліп жатыр?
ҚЫЗЫЛОРДА. Қаңтардың 14-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ – Еліміз өз алдына дербес мемлекет болып, тәуелсіздік салтанат құрғалы атамекенге бет бұрған қандастарымыздың қатары көбейді.
Олардың бірі квотамен келсе, екіншісі өз бетімен туған жерге оралуда. Көші-қон комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің директоры Салхадин Мырзабеков осы отандастарымызды атажұртта сәтімен қоныстандыру жұмыстары туралы әңгімелейді. ? Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында "Оралмандарды арнаулы орталықтарда алдын ала дайындау, оларды қоғамымызға бейімдеу мен кіріктіру үшін жағдай туғызуға көбірек зер салуымыз керек", деп атап көрсеткен болатын. Осыған орай атқарылған істерге тоқтала кетсеңіз. ? Туған жердің топырағын аңсаған қандастардың атамекенге ат басын бұруы уақыт өткен сайын жиілеп келеді. Олардың жаңа жағдайға тезірек бейімделуі үшін арнайы кәсіпке баулу қажеттігін Елбасы сол Жолдауында атап айтқан да болатын. Осыған орай, Көші-қон комитетінің облыстық департаменті бірқатар шараларды жүзеге асырды. Еліміз тәуелсіздік туын тіккелі облысқа квотамен құрамында 17314 адамы бар 3542 отбасы оралыпты. Оларға заң талаптарына сай жәрдемақы төленіп, тиісті орындарға орналастырылды. Ал өткен жылдың өзінде ғана облысқа бөлінген квота аясында 300 отбасы оралмандар қатарын толықтырды. Елге оралғандардың дені Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия мен Тәжікстаннан. Арасында алыстағы Ауғанстаннан, Иран мен Қытайдан келгендер де кездеседі. Бұның өзі тәуелсіз еліміздің әлем жұртшылығы алдындағы беделінің өскенін айғақтайды. Еліміздің еңсе тіктеп, дамыған елдер қатарына қосылуға деген талпынысы оң нәтиже беріп жатқандығын осыдан-ақ аңғаруға болады. - Атамекенін аңсап жеткен қандастарға мемлекет тарапынан қандай көмектер көрсетілуде?
? Оралмандарды арнаулы орталықтарда алдын ала дайындау, қоғамға бейімдеу мен кіріктіру барысында түрлі шаралар жүзеге асырылуда. Жаңа қонысқа келген оралман отбасыларының әлеуметтік, құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету, оларды жұмыспен қамтып, кәсіби оқыту мен бейімдеу, қайта даярлау ісі департамент міндеттеріне кіреді. Отанына оралған қандастардың өздерінің әлеуметтік құқықтарын тұрғылықты халықпен бірдей пайдалануына күш салынады. Мәселен, оралмандардың оқу жасындағы балаларының мектепке толықтай тартылуы қамтамасыз етілген. Оларға заң нормалары бойынша зейнетақы, мемлекеттік және балалар жәрдемақысы, атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй көмектері тағайындалып, төленіп келеді. Өткен жылдан бастап оралмандардың "Ынтымақ" қоғамдық бірлестігі құрылып, ол облыстағы шеттен келген қандастардың қордаланған түрлі мәселелерін шешуге атсалысты. Өзге елдердегі қазақ диаспораларымен байланысып, көші-қон департаментіне елеулі көмек көрсетті. Сондай-ақ облыс әкімі жанынан құрылған оралмандар істері жөніндегі кеңес те көптеген мәселенің ұйытқысы болды. Ал оралмандарды жергілікті жағдайға бейімдеу, оларға қолдау көрсету мақсатында жуырда құрылған "Дидар" қоғамдық қоры тарапынан департаменттің нұсқаулығы шығарылып, таратылды. Мұның өзі оралмандардың жаңа ортаға бейімделуіне, жергілікті халықпен етене араласып кетуіне сеп болды. ? Атамекенге оралған қандастарымызға берілетін квота саны жыл сайын артып келеді. Осы орайда, облысымызда оралмандардың үлкен тобын қабылдау мүмкіндігі қандай? ? 1998 жылмен салыстырғанда, көшіп келу квотасымен келушілер саны 30 есеге өсті. Оның үстіне оралмандардың бейімделу орталығының талап деңгейінен төмен болуы біздің жұмысымызды едәуір қиындатты. Дегенмен, департамент қолдан келер істен аянып қалып жатқан жоқ. Бұрынғыдай емес оларға көп жеңілдік жасалуда. Мәселен, заңға сәйкес өтініш білдіргендер еш кедергісіз үш-төрт айда республика азаматтығын алып жатыр. Біз өз тарапымыздан атқарылатын істерден аянып жатқанымыз жоқ. Еңбекке жарамды адамдардың 90,8 пайызы жұмысқа орналастырылып, жеке кәсіпкерлікпен айналысушыларға тиісінше көмектер көрсетілді. 2000-2002 жылдары оралман отбасылары үшін мемлекет тарапынан сатып алынған 152 тұрғын үй жекешелендірілді.
? Квота аясында туған елге оралғандарға жағдай жасалады, ол түсінікті. Ал туған жерге квотадан тыс қадам басқандар, яғни өз күшімен келгендер өгей баланың күйін кешпей ме? ? О не дегеніңіз, олар да өз қандасымыз емес пе? Қараңыз, атамекенге көш басын бұрғалы бергі уақытта құрамында 2813 адамы бар 1043 отбасы тәуекелмен елге оралған. Әрине, олар оралмандарға көрсетілетін түрлі жеңілдіктер мен жәрдемақылардан тысқары қала алмайды. Сондай-ақ мүмкін жерсінбей, бәлкім өзге аймақтан қолайлы тұрмыс жағдайын тапқан болар көшіп кетушілер де кездеседі. Оған керісінше, республиканың өзге өңірлерінен Сырға бет түзегендер де бар. Өмір болған соң бәрі де кездесетіні анық. Елге оралған отбасыларына ең қажеттісі әрине, баспана. Көпшілігі туған-туысқандары бойынша орналасады.
? Оралмандарды республика көлеміне қоныстандыру бағытында 2009-2011 жылдарға арналған "Нұрлы көш" бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Осы бағдарлама біздің аймақта қалай жүзеге асырылмақ? ? Қандастардың жаңа ортаға бейімделуі елеулі қиындық туғызады. Осыған орай республика көлемінде биылдан, ал бізде келер жылдан бастап жүзеге асырылатын "Нұрлы көш" бағдарламасы аясында көптеген шаралар іске асырылмақшы. Осы бағдарлама іске асырылғанда, облыс орталығына жақын, автотрасса бойында Ақсуат ауылы бой көтереді. Мұнда қоныстанушыларға қолайлы жағдайлар жасалады. Электр жарығы, ауыз су, газ мәселесі шешімін табады. Ауылды жасақтауға республикалық бюджеттен қомақты қаржы қаралмақшы. Сондай-ақ жеке шаруашылық жүргізуге мүмкіндік жасалады. 2010-2011 жылдарға жоба бойынша жеміс-жидек егісіне 500 га-дан 1000 га-ға дейін жер беріледі. Бұл үшін республикалық бюджеттен және басқа қаржы көздерінен 154,3 млн. теңге талап етіледі. Болашақ оралмандар ауылында тұрғын үйлер, мектеп, балабақша, емхана салынады. Ең бастысы, осы жүргізілетін құрылыстардың бәрінде де сол оралмандардың өздері жұмыс істеп, еңбекақы табады. Және сол салынған мекемелерде оралмандар өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналастырылады. Оларға қатысты күрделі мәселелерді шешу үшін облыс орталығынан 70-90 отбасына арналған бейімделу және кіріктіру орталығының қажеттілігі уақыт өткен сайын сезілуде. Облыс әкімдігі жанындағы оралман отбасылары кеңесі мен көші-қон департаментінің бұл жөніндегі ұсынысы өз шешімін табатын сыңайлы. Бағдарламаны іске асыру ? кезек күттірмейтін міндет. Биыл оған дайындық жұмыстары жан-жақты жүргізіледі. Тағы бір айта кетер мәселе, тұрғын үй кезегінде тұрған 30 мыңға тарта жергілікті тұрғындарға да сол аймақтан жер бөлінеді.? Соңғы кезде "Отандастар" деген термин айтылып жүр. Бұған қалай қарайсыз? ? Қазір «оралмандар» атауын «отандастарға» ауыстыру жайлы жиі айтылады. Халық қалаулылары да осы пікірді жақтайды. Оралман дегеннен гөрі, отандас десек, шеттен келген қандастарымызды кеудеден итермей, ішке тартқандай әсерлі естіледі екен. Елім деп елжіреп келген отандастарымыз Сыр елімен тонның ішкі бауындай жарасып, кірігіп жатса, нұр үстіне нұр, әрине.