Күріштен салынған портретке сұраныс көп – суретші

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылордалық суретші Дулат Айтбаев кәдімгі күріш дәндерін пайдаланып, портреттер, тарихи тұлғалар мен табиғат көріністерін бейнелейді. Бұл өнермен айналысып келе жатқанына 20 жылдан асқан шебердің туындыларына шет елден де тапсырыс түседі.

Күріштен салынған портретке сұраныс көп – суретші
Фото Дулат Айтбаевтың жеке архивінен

Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Дулат Айтбаевтың өнерге келуіне әкесінің ықпалы зор. Ол да суретші, ұлын кішкентайынан өнерге баулып, алғаш рет күріш дәнімен сурет салуды үйреткен.

— Шымкенттегі Әбілхан Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжін бітірдім. Одан кейін әртүрлі салада еңбек еттім. Бірақ әкемнің ықпалымен кейін мамандығыма бет бұрдым. Ол қасына отырғызып, сурет салуды үйретті. Алғашқыда күрішпен жұмыс істеудің қыр-сырын көрсетті. Кейін өзім де қызығып, осы бағытта іздене бастадым, — деді суретші.

Оның күріштен жасаған алғашқы туындысы — атасының портреті. Жас суретшінің жұмысын көрген әкесі бірқатар аға буын суретшіні шақырып, пікірін сұраған. Олар туындыны жоғары бағалап, жас таланттың тапсырыс қабылдауға дайын екенін айтқан. Алғашқы жұмысының сәтті шығуы оған үлкен сенім берді.

картинка
Фото: Дулат Айтбаевтың жеке мұрағатынан

Уақыт өте келе суретшіге жеке тапсырыстар түсе бастаған. Әсіресе, тұлғалық портреттер, Қорқыт ата мен Байқоңыр ғарыш айлағы бейнеленген туындыларға сұраныс жоғары. Оның еңбектері Қытай мен Ресейге де сатылған. Ресейден көбіне әскери генералдардың портретіне тапсырыс түссе, өзге тапсырыс берушілер Байқоңыр мен Сыр өңірінің көрікті жерлерін бейнелеуді сұрайды екен. Ал Қызылордаға келген қонақтарға Қорқыт ата мен күріш бейнеленген картиналарды өңірдің ерекшелігін танытатын сый ретінде ұсынып жүр.

Күріштен картина жасау сырт көзге оңай көрінуі мүмкін. Алайда әр дәнді қажетті орнына орналастыру, желімнің мөлшерін реттеу мен бейненің жарық-көлеңкесін дәл беру үлкен тәжірибені қажет етеді.

Суретші негізінен дөңгелек пішінді әрі жылтыр корей күрішін пайдаланады. Жұмыс барысында желім, су эмульсиясы мен лак қолданады. Дәндерді толық орналастырған соң туындының бетіне лак себеді. Бұл оның ұзақ сақталуына мүмкіндік береді.

Күріштен салынған портретке сұраныс көп – суретші
Фото Дулат Айтбаевтың жеке архивінен

— Желімнің мөлшерін дәл сақтау керек. Аз жағылса, күріш түсіп қалуы немесе желім жарылуы мүмкін. Ал шамадан тыс көп болса, бетіне шығып кетеді. Сондықтан ПВА желімін сумен араластырып, қажетті деңгейге келтіреміз. Желімді дайындап, жапсырудың өзіне бір күндей уақыт кетеді. Ал портретті қазір тәжірибеме сүйеніп екі-үш күнде аяқтай аламын, — деді Дулат Айтбаев.

Бір картинаға жұмсалатын күріш мөлшері оның көлеміне байланысты. Кейде бір килограмға жуық күріш қажет болады. Суретшінің айтуынша, күріш дәндерінің дұрыс орналасуы ғана емес, әр бөлшектің жарық түсу бағытына сай келуі де маңызды.

портрет
Фото: Дулат Айтбаевтың жеке мұрағатынан

Ол үшін портрет салу табиғат көрінісін бейнелеуден әлдеқайда күрделі. Өйткені адамның көзі, бет-әлпеті мен өзге де ерекшеліктері дәл берілуі керек. Бір ғана бөлшектің ұқсамауы бүкіл картинаның үйлесіміне әсер етеді. Сондықтан шебер тапсырыс берушілерден сапалы фотосурет сұрайды.

Суретшінің есінде қалған күрделі тапсырыстардың бірі Қытайдан түскен. Оған 50 жылқының бейнесін жасау тапсырылған. Жұмысты үш-төрт айда аяқтауға тура келген. Алғашқы туындылар дайын болғаннан кейін қалғандарын сол үлгіге сәйкестендіріп жасаған. Тапсырыс көлемі мен уақыттың тығыздығы бұл жұмысты ерекше қиындатқан.

Күріштен салынған портретке сұраныс көп – суретші
Фото Дулат Айтбаевтың жеке архивінен

Дулат Айтбаевтың қолынан танымал тұлғалардың да бейнесі шыққан. Соңғы жұмысының бірі — ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтің портреті. Туынды оның мерейтойына орай берілген тапсырыс бойынша әзірленген. Ғарышкер өз бейнесін айнытпай салған өнер иесіне ризашылығын жеткізген.

Суретшінің айтуынша, кейде тапсырыс берушілер картинаның күріштен жасалғанына бірден сене қоймайды. Әсіресе, фотосурет арқылы көргенде туындының шынайы бейнесін толық бағалау қиын. Мұндайда ол дайын жұмысты бейнеқоңырау арқылы көрсетеді.

— Телефоннан қарағанда суреттің кейбір ерекшелігі байқалмай қалуы мүмкін. Ал көзбен көргенде адамдардың пікірі өзгереді. «Телефонның сапасы жеткізбейді екен, шынайы көргенде мүлде басқаша» деп таңғалып жатады. Тіпті қуаныштан көзіне жас алғандар да болды. Тапсырыс берушілердің ризашылығы шабыт береді, — деді ол.

портрет
Фото: Дулат Айтбаевтың жеке мұрағатынан

Картинаның бағасы оның көлемі мен күрделілігіне байланысты белгіленеді. Мәселен, портреттегі ордендер мен басқа да ұсақ бөлшектер көп болса, жұмыс та қиындай түседі. Шағын көлемді туындылардың бағасы 150-200 мың теңге шамасында, ал ірі көлемді жұмыстар жеке есептеледі.

Суретші күріштен бөлек бидай, арпа, сұлы секілді дақылдарды да қолданып көрген. Бірде тапсырыс беруші әртүрлі дәнді дақылдан тау бейнесін жасауды сұраған. Мұндай жұмыстарда дәндерді біркелкі орналастыру мүмкін болмағандықтан әрқайсысын пинцетпен жеке-жеке қоюға тура келеді.

Дулат Айтбаев бос уақытында кенепке майлы бояумен сурет салады. Дегенмен тапсырыс пен сұраныс жағынан күріштен жасалған туындылардың өтімді екенін атап өтті.

— Күріштен жасалған картиналар ұзақ уақыт сақталады. Мәселен, әкемнің өз атасының бейнесін күрішпен салғанына 30-35 жылдай уақыт болған. Соған қарамастан картина әлі күнге дейін жақсы күйде, жылтыр қалпын жоғалтпады, — деді ол.

жылқы суреті
Фото: Дулат Айтбаевтың жеке мұрағатынан

Қазір суретші арнайы шәкірт тәрбиелеп жатқан жоқ. Дегенмен, өнерге қызығатын жастарға білгенін үйретуге дайын. Бұған дейін Дәулет есімді ізбасарына бағыт-бағдар беріп, күріштен сурет салудың негізгі тәсілдерін түсіндірген.

Алдағы уақытта Дулат Айтбаев тарихи тұлғалар мен батырлардың бейнесін жасағысы келеді. Бірақ кейбір тарихи тұлғалардың нақты фотосуреті мен бейнесі сақталмағандықтан бұл ойды жүзеге асыру әзірге қиындық туғызып отыр.

Суретші үшін күріш — тек Сыр өңірінің басты дақылы емес, шығармашылыққа жол ашқан ерекше материал. Ал оның әр дәннен құрастырған туындылары туған өлкенің табиғаты мен тарихын өзгеше тәсілмен танытуға мүмкіндік береді.

Бұған дейін маңғыстаулық суретші Тынышбек Балтабаев қара мұнайды бояу орнына пайдаланып, ақ қағазға қайталанбас туындылар салатынын жазған едік.