Құрық портындағы паром кешенінің құрылысы 2016 жылы аяқталады (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтау қаласынан 70 шақырым жерде орналасқан Құрық портындағы паром кешенінің құрылысы 2016 жылдың желтоқсанында аяқталады. Бұл туралы бүгін «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының көлік-транзиттік әлеуетін арттыру мәселесі талқыланған жиын барысында «KTZ Express» АҚ Президентінің міндетін атқарушы Ержан Жақышев мәлім етті.
None
None

Жалпы, «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА аясында Қазақстанның халықаралық транзиттік әлеуетін арттыру үшін қандай жобалар жүзеге асырылып жатқанын айта келе, Е.Жақышев Ақтау портын кеңейту шаралары мен Құрық портындағы паром кешенінің құрылысына ерекше тоқталды.

«Ақтау портының солтүстігін кеңейту жобасы аясында жүк айлағын, астық терминалын және контейнерлер өтетін терминалдарды салу жоспарланған. Ақтау портын кеңейту жобасының жалпы құны 136 млн. доллар. Жұмыс 2014 жылы басталып, осы жылдың соңына дейін аяқталуы керек. Жоба толық қуаттылыққа шыққан соң, жылына 1,5 млн. тонна астық, 0,5 млн. тонна жүк, 1 млн. тонна контейнер тасымалданады», - деп еске салды ол.

Ал, Құрық портындағы паром Ержан Жақышевтің айтуынша, жылына 4,1 млн. тонна жүк тасымалдауға қуатты болады.

«Құрық портындағы паром кешенінің құрылысы 2015 жылдың наурыз айында басталған. Жоба 2016 жылдың желтоқсанында толық аяқталуы тиіс. Құрылыстың жалпы құны 116 млн доллар шамасында. Паром толық қуаттылыққа шыққанда, жылына 4,1 млн тонна жүк тасымалдауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Е.Жақышев.

Айта кетейік, «KTZ Express» АҚ - «Қазақстан темір жолы «Ұлттық компаниясының 100 пайызды еншілес ұлттық мультимодалды компаниясы. Компания Қазақстан аумағы арқылы «бір терезе» қағидатына сәйкес, Қытайдан Еуропаға жүк өткізу жұмыстарын атқарады. «KTZ Express» Қазақстан мен халықаралық темір жолдарды, автокөлік жолдары мен әуе логистика жұмыстарын, теңіз порттары мен әуежайларды, сондай-ақ терминалдар желісі мен қоймаларды біріктіреді.

Соңғы жаңалықтар