Құрылыс, такси: шетелдік еңбек мигранттары немен айналысады

«Шетел азаматтары Қазақстанда көші-қон заңына сай жүрсе және жергілікті атқарушы органдарынан рұқсаты болса кез келген салада еңбек ете алады. Ең бастысы заң аясында болу керек. Заңбұзушылық анықталған жағдайда мәселемен біз айналысамыз», - деді Ербол Махметов полиция департаментінде өткен баспасөз мәслихатында.
Спикердің мәліметінше, жыл сайын көші-қон заңын бұзған 900-ден астам шетелдік елден шығарылады.
Сондай-ақ басқарма басшысының айтуынша, шетелдік еңбек мигранттары негізінен құрылыс саласы, такси секілді қоғамдық жұмыстарға барады.
«Мысалы, такси жүргізушісі шетел азаматы болды делік, егер күдік болған жағдайда 102-ге хабарлап айтуға болады. Тәртіп сақшылары, ол азаматты көші-қон бөліміне жеткізіп, жұмыс істеуге рұқсатын тексереді. Олар өзімен бірге еңбек етуге рұқсат құжатын алып жүруі тиіс. Кері жағдайда заң аясында жауапкершілікке тартылады», - дейді ол.
Айта кетейік, биыл алты айда көші-қон заңын бұзған 500-ден астам шетелдік елден шығарылды.