Құрылыстың қымбаттауына Орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары кінәлі - Мәжіліс депутаты

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Омархан Өксікбаев айтты.
«Ғимарат салар алдында тиісті коммуникацияны, техқұжаттарды, тиімді құрылыс алаңын дұрыстап таңдап алмай, жұмысты бастап кету ақыр аяғында ғимараттың қымбаттауына әкеліп соғады. Сондықтан құрылыстың қымбаттауына Орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары кінәлі», - деді ол.
Халық қалаулысы бұл саладағы мәселелерді тізе берсе, көбейе беретінін айта келіп, сол мәселелерді шешу жолдарына назар аударды.
«Меніңше, Үкімет аталған кемшіліктерді жою үшін бюджетті жоспарлау және атқару барысында мынадай жұмыстар атқаруы қажет:
Біріншіден, қолданыстағы заңнамада бюджеттік бағдарламалардың орындалуын қадағалаушы әкімшілердің бюджеттік өтінімдерді көтеріп сұрау жағдайы дәлелденсе, қылмыстық жауапкершілікке тартуға дейін апару керек.
Екіншіден, жалпылама трансферттер туралы заңды дайындау барысында жергілікті бюджет шығыстары базасына тұрақты шығыстар да жазылуы тиіс. Олар бұрын республикалық бюджеттен төленіп келген», - деді депутат.