10:55, 14 Мамыр 2009 | GMT +5
Құрылысы бітпеген су таратқышты қабылдаған комиссияның мүшелері жазаға тартылды ? Жамбыл облысы
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат /Галина Скрипник/ - Жамбыл облысының Жамбыл аудандық прокуратурасы 2009 жылдың І тоқсанында жүргізілген тексерудің қорытындысын шығарды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі аудандық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Аталған кезеңде ауданда заң бұзудың 38 дерегі анықталып, алты наразылық енгізілген, алты заңсыз актінің күші тоқтатылған, мемлекеттік мекемелердің алты басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Атап айтқанда, Ақбастау селолық округінің Бірлесу-Еңбек ауылындағы су таратқыштың құрылысына арналған бюджет қаражатының заңды жұмсалуын тексеру барысында «Жамбыл аудандық әкімдігінің құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бірқатар заңсыздықтарға жол бергені анықталды. Мемлекеттік қабылдау комиссиясы жобалау-сметалық құжаттарда көрсетілген барлық құрылыс-құрастыру жұмыстарының орындалмағанына қарамастан, су таратқышты пайдалануға қабылдау туралы актіге қол қойған болып шықты. Прокуратураның араласуынан кейін ғана, мердігер «Досбала ХХІ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі орындалмаған жұмыстарды мамырдың 25-іне дейін атқару туралы кепілдеме хат берді. Прокуратураның ұсынысы бойынша жұмыс және мемлекеттік комиссияның мүшелері: аудандық әкімдіктің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің бастықтары, сондай-ақ Ақбастау селолық округінің әкімі - тәртіптік жауапкершілікке тартылды.