Құс етіне сұраныстың неше пайызын отандық шаруашылықтар қамтамасыз етіп отыр
АСТАНА. KAZINFORM — Халықтың құс етіне сұранысының 73 пайызы отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінен мәлім болды.

Ведомство ақпаратына қарағанда, 2025 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша құс саны 45,2 млн бас болды (102,6%), оның ішінде ауыл шаруашылығы құрылымдарында 38,2 млн (104,2%). Ал қалғаны жеке үй шаруашылықтарында.
- 2024 жылдың 12 айында 358,7 мың тонна құс еті өндірілді (109,8%). Халықтың құс етіне сұранысының 73 пайызы отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Импортты алмастыру мақсатында құс фабрикаларын салу және жаңғырту жұмыстары іске асырылып жатыр. 2024 жылы жобалық қуаты 15 945 тонна болатын 6 құс фабрикасы іске қосылды, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Еске салсақ, Қазақстан былтырғы 11 айда 38 мың тонна құс етін экспорттады.
2024 жылдың аяғында Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов құс етіне мемлекеттен бөлінетін субсидиялардың тиімсіз игеріліп жатқанына бірнеше мысал келтірді.