Құс фабрикасы, өсімдік майы және жүгері зауыты: биыл іске қосылатын агро-жобалар

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл ел аумағында бірқатар агроөнеркәсіп кешені жобасы іске қосылады. Жобалар туралы толығырақ Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы айтып берді. 

Құс фабрикасы, өсімдік майы және жүгері зауыты: биыл іске қосылатын агро-жобалар
Фото: energyprom.kz

— Биыл агроөнеркәсіп бағдарламаны жалғастыру үшін 154 жобаға 200 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде 82 жобаның жобалық-сметалық құжаттамасы мен сараптамасы дайын. Биыл бірқатар ірі қазақстандық жоба іске асырылып жатыр, — деді Ермек Кенжеханұлы орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Биыл іске қосылатын жобалар:

— Түркістан облысында «Қазкрахмал» ЖШС жылына 150 000 тонна көлемінде жүгеріні терең өңдеу зауыты іске қосып жатыр. Жобаның жалпы құны — 35 млрд теңге;

— Шығыс Қазақстан облысында «ALTAI MAI» ЖШС жылына 169 000 тонна өсімдік майын өндіретін май зауытын іске қосып жатыр. Жобаның құны — 26,4 млрд теңге;

— Жамбыл облысында «Алель Агро» АҚ жылына 25 000 тонна өнім өндіретін құс фабрикасын іске қосу жоспарланып отыр. Жобаның құны — 13,8 млрд теңге;

— Атырау облысында «ATYRAU CHICKEN» ЖШС жылына 5 000 тонна өнім беретін бройлер құс фабрикасын іске қосу күтіліп отыр. Жобаның құны — 9,9 млрд теңге;

— Ақтөбе облысында «KazFeltec» ЖШС жылына 2 500 тонна шикізатты бастапқы өңдеп, тоқыма емес материалдар өндіретін зауытты іске қосу жоспарланған. Жобаның жалпы құны — 5 млрд теңге.

Бұған дейін хабарлағанымыздай биыл төрт айда агроөнеркәсіп кешеніне 213 млрд теңге инвестиция тартылды

Соңғы жаңалықтар