07:50, 08 Қараша 2013 | GMT +5
Құс өсірушілермен жұмыртқа бағасын өсірмеу жөніндегі меморандумға қол қойылды - Павлодар облысы
АСТАНА. 8 қараша. ҚазАқпарат - Павлодар облысының ауыл шаруашылық басқармасы мен Шарбақты құс фабрикасының өкілдері тауық жұмыртқасының бағасын ұстап тұру жөніндегі меморандумға қол қойды.

Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Аталмыш құжат бойынша өндіруші, яғни Шарбақты құс фабрикасы, жұмыртқаны базардағыдан 5-10 пайызға төмен бағамен сатуды өз мойнына алды.
Сонымен қатар бұл фабрика Павлодарда апта сайын өткізілетін ауыл шаруашылық жәрмеңкесіне өз бағасымен тауық жұмыртқасын жеткізетін болады.
Бүгінде іріктелген он жұмыртқаның бағасы 200 теңге, 1 категориялық - 195 теңге, 2 категориялық - 185 теңге.
Құс фабрикасының өкілдері келесі жылы мекиен тауықтардың санын 250 мыңнан 500 мыңға дейін арттыруға сөз берісті.