Құс шаруашылығын дамытуға қандай қолдау көрсетіледі — Бектенов жауабы

АСТАНА. KAZINFORM — Құс шаруашылығына 15,3 млрд теңге жеңілдетілген кредит берілді. Бұл туралы Құрылтай депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

деньги, тенге, ақша
Фото: Александр Павский / Kazinform

— Қазіргі уақытта республикада 7 асыл тұқымды репродуктор жұмыс істейді, оның ішінде 4-еуі — ет бағытында. Отандық асыл тұқымды материалмен қамтамасыз етілу жұмыртқа бағыты бойынша 32 пайызды және ет бағыты бойынша 44 пайызды құрайды. Бұл мәселені шешу үшін Үкімет отандық асыл тұқымды базаны кеңейту және жаңа репродукторлар құруға инвестицияларды ынталандыру бойынша шаралар қабылдап жатыр. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасына 10 жылға дейінгі мерзімге жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын жеңілдетілген кредиттер бере отырып, асыл тұқымды репродукторлар құру бойынша жаңа бағыт енгізілді, — деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысының дерегінше, асыл тұқымды репродукторлар құру кезінде инвестициялық субсидиялау нормативі 25-тен 40 пайызға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ ет және жұмыртқа бағытындағы бір күндік асыл тұқымды балапанды сатып алуды әр балапанға тиісінше 600 және 60 теңге мөлшерінде субсидиялау көзделген. Бұдан бөлек, Мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспары осы жылдың басынан бері құс фабрикалары мен репродукторлардың айналым қаражатын толықтыруға жылдық мөлшерлемесі 5 пайыздық жеңілдетілген кредит беру тетігі жұмыс істейді.

— Осы бағыт бойынша 15,3 млрд теңге сомасына 15 жоба қаржыландырылды. Сонымен қатар өндірістік қуаттарды арттыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Мәселен, «Aitas KZ» АҚ және «Алель Агро» АҚ базасында жалпы қуаты 123 млн инкубациялық жұмыртқа болатын репродукторлар құру, сондай-ақ «Poultry Agro» ЖШС қуаты 100 млн бір күндік балапан өндіретін жұмыртқа бағытындағы репродуктор құрылысы жоспарланған. Аталған жобаларды іске асыру құс фабрикаларының отандық асыл тұқымды материалмен қамтамасыз етілуін арттыруға және импортқа тәуелділікті дәйекті түрде төмендету үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді, — деді Премьер-министр.

Айта кетейік, соңғы бес жылда құс шаруашылығы саласындағы ғылыми зерттеулерді жүргізуге шамамен 540 млн теңге бөлінді. 

Сондай-ақ елімізге 77 млн доллардың асыл тұқымды құс балапаны жеткізілді.