Құсбегілікті әлемдік деңгейдегі спорт ретінде көргім келеді — Аяжан Даниярқызы
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қазіргі таңда оқу мен спортты қатар алып жүріп қана қоймай, Ұлттық спорттың дамуына да үлес қосып жүрген жастар жетерлік. Солардың бірі — Аяжан Даниярқызы. Ол Ұлттық спорттың ішінде «құсбегілік» өнерімен айналысып жүргеніне 2 жылдай уақыт болған. Қыран, бүркітті ұстап, оны баптауға жаны құмар қызды әңгімеге тартқан едік.
— Алдымен өзіңді оқырмандарға таныстырып өтсең...
— Аты-жөнім Аяжан Даниярқызы, 20 жастамын. Алматы қаласының тумасымын. Қазіргі уақытта Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық Зерттеу университетінің 3-курс студентімін. Мамандығым компьютерлік ғылымдар, жай тілмен айтқанда болашақта «IT маманы» боламын.
— Құсбегілік өнермен айналысып жүргенінңе қанша уақыт болды? Ол сені несімен қызықтырды?
— Құсбегілік өнермен айналысып жүргеніме 2 жылдай уақыт болып қалды. Жалпы құсбегілік өнеріне мен кенеттен келдім десем болады. Себебі, басында Сұлтансері этно-өнер орталығының әлеуметтік желілерде жариялаған «садақшы қыздар» кастингіне барған едім. Осылайша 456 қыздың арасынан кастингтен өтіп, алғашқы 6 ай көлемінде кәсіби түрде садақ атумен айналыстым. Уақыт өте ұстазым Сұлтансері Бекетұлының құсбегілікпен айналысып жүргенін байқап, басында оған қолғабыс болып, кейін осы жолды да қатар алып жүре бастадым.
Жалпы, құсбегілік өнер атадан қалған қасиетті мұра десем артық болмас. Себебі, ежелгі заманнан сал-серіліктің айқын белгісіне айналған ұлттық өнеріміздің қазіргі таңда спорт ретінде дамып жатқаны қуантады. Бұл меніңше, жас ұрпақтың тек шетелдік спорт түрлеріне ғана емес, сондай-ақ өзіміздің де ұлттық спортымызға көңілдерін аудартатын болады.
— Құсбегіліктің адамға қандай пайдалы тұстары бар деп ойлайсың?
— Бұл істен әр адам өзіне көп пайдалы зат түйеді. Ең алдымен бүркіт адамға сабырлы болуды үйретеді, оны баптау кез келген адамның қолынан келе бермейді. Бүркітті баптай отырып адам өзін де сабырға келтіреді. Оған қоса, таза ауада көп жүруге тура келеді, менің ойымша бұл да қазіргі заман дерті - смартфондардан аулақ болуға бір себеп. Жалпы, деректерге сүйенер болсақ, құсбегілік өнерімен айналысқан адамдар көп өмір сүреді екен. Себебі, уақыт келе егде жастағы адамдардың өмірінің бөлшегі бола отыра, денсаулығын да нығайтады.
— Саған оқу мен құсбегілікті қатар алып жүру қиын емес пе? Екеуіне қалай уақыт табасың?
— Құсбегілікпен айналысу осы уақытқа дейін менің оқуыма ешқандай кедергі келтірген емес. Университетте сабақтарым көбінесе түске дейін болады, ал жаттығуларымды соған ыңғайлап түстен кейінгі уақытқа қоямын. Осылайша, барлығына уақыт табамын.
— Қазір құсбегілікпен қай жерде айналысып жүрсің? Онда құсбегілікпен айналысуға толық жағдай жасалған ба?
— Құсбегілікпен Алматы қаласында «Сұлтансері этно-өнер орталығында» айналысамын. Бұл іспен шұғылдану үшін маған және бүркіттеріме барлық жағдай жасалған.
— Бүркіт құсы жайында не айтар едің, сен байқаған ерекше қасиеттері бар ма?
— Бұл киелі құстың мен байқаған ерекшеліктері жетерлік. Ең негізгілерін айтар болсам, бүркіт үйренуге бейім келеді, оны «дрессировка» деп жатамыз. Сонымен қатар барлығы білетіндей бүркіттер күн сәулесіне тіке қарай алатын жалғыз құс. Оған қоса қасиетті туымызда да бейнеленгеніне қарап отырып, халқымыздың бұл ерекше құсты қаншалықты қадірлейтіні түсінікті деп ойлаймын. Бүркітті мен мен киелі құс деп айтар едім. Олар да тіршілік иесі ғой, олардың бүгінгі әлемдегі көптеген қауіп-қатерден аман болуын қалаймын.
— Жеке бүркітің бар ма? Жалпы бүркіттерді қалай баптайсың?
— Қазіргі уақытқа дейін баптап үлгерген екі қыраным бар. Біреуі қазір түлекте отыр, екіншісі жарысқа толықтай дайын.
Ең алдымен бүркітті қолға алған уақыттан бастап оны адамдарға бауыр бастырамыз. Кейін шуға үйреткен абзал, сол кезде бүркіт көп адам бар жерде, мәселен, жарыс, турнирлерде жатырқап қалмайды. Кейіннен оларды қолдан тойдырып, ет береміз, уақыт өте келе жаттығуларды бастаймыз.
Ең бірінші бірнеше метр жерден бастап, қолдан қолға шақырып үйретеміз, кейін бұл ара-қашықтықты бір шақырымға дейін ұзартамыз.
Бүркітті дұрыс баптау үшін адамға менталды тұрғыда өте мықты болу керек. Бүркіт дұрыс баптауға қатысты барлық ерекшелігімен танысқан жөн. Менің ойымша, бүркіттің дұрыс бапталуы ең алдымен ұстазға байланысты, бұл тұрғыда мен лоторея жеңіп алдым десем болады. Менің ұстазым Сұлтансері Бекетұлы атышулы Бекет Есентаев атамыздың ұлы, әкесінің серілік өнерін жалғастырушы ретінде осы өнердің дамуына көп күшін салуда.
— Бүркітті қалай дұрыс тамақтандыру керек?
— Күніне бұл құстар шамамен 500 грамм таза ет жейді. Бұл мөлшер жыл мезгіліне, құстың күйіне қарай өзгеруі мүмкін. Негізгі қолдағы бүркіттердің қорегі ретінде тазаланған, майсыз үй қоян еті, сиыр еті, жылқы етін қолданамыз.
— Бүгінге дейін қанша бүркітшілер сайысына қатыстың? Жүлделер бар ма?
— 2023 жылы өткен барлық дерлік турнирлер мен жарыстарға қатыстым. Ең алғаш рет Көкшетау қаласында өткен жарыста финалға шықтым. Сол кезде бүркітімнің ұшқырлығы екі секундқа қалып қойды. Дегенмен, осы жарыстан соң бағым жанды десем болады. Себебі, кейінгі барлық дерлік жарыста ақтық мәреге дейін өтіп жүрдім.
— Алда қандай жоспар бар? Ұлттық спорттың осы түрін ары қарай дамыту жоспарда бар ма?
— Айту керек, қазіргі таңда ұлттық спортқа ерекше қолдау көрсетіліп жатыр. Ұлттық спорттың қай түрі болмасын кейінгі бірнеше жылда жақсы дамыды. Болашақта ұлттық спорттың осы түрін, яғни, құсбегілікті тек қана елімізде ғана емес, әлемдік деңгейдегі спорт түріне айналдырсам деген арманым бар. Сонымен бірге, жанымда құсбегілікті дамытуға үлесін қосқысы келетін қыздарды көптеп көргім келеді. Себебі, әлеуметтік желілерден де байқаған боларсыз, халықтың назары ең алдымен қызға түседі. Егер Ұлттық спорттың дамуында оң нәтиже көрсетіп жатса, Ұлттық спортымызды ары қарай осылайша насихаттай беру керек деп санаймын.
- Әлемге әйгілі бүркітші қызымыз Айшолпан Нұрғайыпқызын танисың ба?
- Ол негізінен Моңғолия елінде тұрғандықтан ол туралы көп естімеппін. Әлі таныс та емеспіз. Дегенмен жарыстарға бір-екі рет қонақ болып келгенінде көргенім бар. Алдағы уақытта онымен жақынырақ танысып, достасып кетемін деп ойлаймын.
— Аяжан, сұхбатыңа рақмет. Аңсаған арманыңның орындалуына тілектеспіз.