Күштік құрылымдар арасында қазақ күресі мен самбодан ашық чемпионат өтеді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – 27-29 наурыз аралығында Алматы қаласындағы Орталық спорт клубының базасында Қазақстан Республикасының күштік құрылымдары арасында қазақ күресі мен самбодан ашық республикалық чемпионат өтеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматыда күштік құрылымдар арасында қазақ күресі мен самбодан ашық чемпионат өтеді
Фото: Polisia.kz

Жарысқа еліміздің негізгі мемлекеттік органдарынан жасақталған 200-ден астам спортшыдан құралған 30 команда қатысады. Атап айтқанда, ҚР ІІМ, Қорғаныс министрлігі, ТЖМ, Ұлттық ұлан, Мемлекеттік күзет қызметі, Шекара қызметі және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері бақ сынайды.

Жарыс төмендегідей салмақ дәрежесі бойынша өтеді:

Самбо: 58 келіге дейін, 64 келіге дейін, 71 келіге дейін, 79 келіге дейін, 88 келіге дейін, 98 келіге дейін және 98 келіден жоғары (команда құрамы — 7 спортшы).

Қазақ күресі: 55 келіге дейін, 60 келіге дейін, 66 келіге дейін, 74 келіге дейін, 82 келіге дейін, 90 келіге дейін, 100 келіге дейін және 100 келіден жоғары (команда құрамы — 8 спортшы).

Салтанатты ашылу рәсімі 28 наурыз күні сағат 11:00-де өтеді. Үш күнге созылатын жарыс барысында көрермендерді тартысты белдесулер, әсерлі айқастар және шынайы спорттық бәсекеге толы атмосфера күтеді.

Өтетін орны: Алматы қаласы Сәтбаев көшесі, 6Б. Орталық спорт клубы.

Жарыс бағдарламасы:

26 наурыз — мандаттық комиссияның жұмысы (10:00–13:00) 27 наурыз — қазақ күресінен іріктеу және жартылай финалдық белдесулер

28 наурыз — салтанатты ашылу, қазақ күресінен финалдық белдесулер, марапаттау рәсімі

29 наурыз — самбодан жарыстар, қорытынды шығару және марапаттау рәсімі

Аталған ашық чемпионат күштік құрылымдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, ұлттық спорт түрлерін насихаттауға және Қазақстанның спорттық дәстүрлерін дамытуға маңызды үлес қосады.

Айта кетейік, World Boxing аясында Моңғолияда өтетін Азия чемпионатында бақ сынайтын Қазақстан әйелдер құрамасы белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар