Құсмұрын теміржол вокзалы қайта ашылды

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM – Қостанай облысы Әулиекөл ауданының Құсмұрын станциясының теміржол вокзалы күрделі жөндеуден кейін пайдалануға берілді.

Құсмұрын теміржол вокзалы жаңғыртылудан кейін қайта ашылды
Фото: Көлік министрлігі

Салтанатты шараға аймақ басшысы Құмар Ақсақалов қатысты.

Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде теміржол вокзалдарын ауқымды жаңғырту жұмыстары жүзеге асырылуда.

Бүгін Әулиекөл ауданы Құсмұрын станциясының теміржол вокзалы күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды.

Еліміз бойынша 124, Қостанай облысында Қостанай, Арқалық, Тобыл Железорудный, Аманқарағай және Құсмұрын станцияларындағы 6 теміржол вокзалы қайта жаңартылуда.

— Бұған дейін Аманқарағай станциясының жаңартылған теміржол вокзалы пайдалануға берілген болатын. Құсмұрын вокзалы 1949 жылы салынған. Қайта жөндеу барысында ғимараттың сәулеттік келбеті толық жаңартылып, инженерлік желілер ауыстырылды. Күту залдары, билет кассалары мен санитарлық тораптар заманауи стандарттарға сәйкес жабдықталды, — деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.

Вокзалдың жалпы аумағы 893 шаршы метрден 944 шаршы метрге дейін ұлғайды.

Орталық платформа 430 метрден 462 метрге, ал жиектегі платформа 491 метрден 540 метрге дейін ұзартылды.

Бұрын станция 17 вагонға дейінгі жолаушылар пойыздарын қабылдай алса, енді 21 вагонға дейінгі пойыздарды қабылдауға мүмкіндік бар.

Айта кетелік еліміздің үш өңірінде жаңартылған бес теміржол вокзалы ашылған еді