Құтқарушылар Бұқтырмада аударылған қайықтан адамдарды эвакуациялады

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары Бұқтырма су қоймасында аударылған қайықтан төрт адамды аман-есен эвакуациялады, деп хабарлайды KAZINFORM ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құтқарушылар Бұқтырмада аударылған қайықтан адамдарды эвакуациялады
Фото: Видеодан алынған скрин

Ведомствоның мәліметінше, Алтайка ауылы маңындағы Бұқтырма су қоймасынан қайықта болған төрт адамның төңкеріліп, борт сыртында тұрғаны туралы хабарлама түскен.

Алдымен адамдарды оқиға орнынан байқап, өз қайығына мінгізген балықшы көмек көрсеткен.

- Оқиға орнына жедел жеткен ШҚО ТЖД Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері азаматтарды катерге ауыстырып, жағаға қауіпсіз жеткізді. Зардап шеккендер медициналық көмекке мұқтаж болмаған, - деп жазды ведомстводан.

Төтенше жағдайлар министрлігі дауылды немесе желді ауа райында суға шығарда барынша сақ болуға шақырады.

Құтқару кеудешелерін пайдаланып, ауа райы болжамына тұрақты түрде назар аудару қажеттігін ескертеді.

Айта кетейік, ШҚО-да қайықтан құлап кеткен адамның денесі табылды.

Соңғы жаңалықтар