Құтқарушылар өрт кезінде пәтерден шығуға болмайтын жағдайларды атады

АСТАНА. KAZINFORM — Көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісінде түтін байқалған жағдайда сабыр сақтап, дұрыс әрекет ету маңызды. Қате қабылданған шешім сіздің өміріңіз бен денсаулығыңызға қауіп төндіруі мүмкін.

өрт, түтін
Фото: Kazinform/ЖИ

Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің мәлім еткеніндей, ең бастысы — үрейге бой алдырмай, түтін басқан аумақ арқылы өздігінен шығуға әрекет жасамау.

Сонымен көпқабатты үйдің кіреберісін түтін басса, қалай әрекет ету керек:

— Кіреберіс есікті ашпас бұрын оның қызып кетпегенін тексеріңіз. Егер есік ыстық болса немесе саңылауларынан түтін кірсе, оны ашпаңыз.

— Егер кіреберісті түтін басса, пәтерден шықпаңыз. Өрт ошағы көрінбесе де, түтін арасымен өтуге тырыспаңыз.

— Кіреберіс есікті мықтап жабыңыз. Түтіннің ішке енуін азайту үшін есік саңылауларын мүмкіндігінше дымқыл матамен бекітіңіз.

— Терезелер мен бөлме есіктерін жабыңыз. Бұл түтіннің пәтер ішінде таралуын шектеуге көмектеседі. Мүмкіндігінше кіреберістен алыс орналасқан бөлмеге өтіңіз.

— Оқиға туралы дереу 112 нөміріне хабарлаңыз. Нақты мекенжайды, кіреберіс пен пәтер нөмірін, қабатты айтыңыз. Сондай-ақ пәтерде балалар, қарттар немесе көмекке мұқтаж адамдар бар-жоғын хабарлаңыз.

— Құтқарушыларға орналасқан жеріңізді білдіріңіз. Егер қауіпсіз болса, терезе немесе балкон арқылы белгі беріңіз. Пәтерден өздігінен шығуға әрекет жасамаңыз.

— Есіңізде болсын: лифтіні пайдаланбаңыз және түтін басқан кіреберіс арқылы өтуге тырыспаңыз. Түтін мен жану кезінде бөлінетін улы заттар ауыр улануға әкеліп, адам өміріне елеулі қауіп төндіреді. Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау және төтенше жағдайда дұрыс әрекет ету — өмір мен денсаулықты қорғаудың маңызды кепілі. Өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыз! — деп ескертті құтқарушылар.

Осыдан бұрын Қояндыда құтқарушылардың жаңа базасы ашылғанын жазғанбыз.