Құтқарушыларымыз кәсіби шеберліктерін шетелде де көрсетті - Сырым Шәріпханов

Бүгін Қазақстанда Құтқарушылар күні. Атаулы күн елімізде Төтенше жағдайлар жөніндегі орталық мемлекеттік комитеттің құрылуына байланысты бекітілген. Kazinform тілшісіне кәсіби мереке қарсаңында Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

тжм, мчс
Фото: gov.kz

- Сырым Дүйсенғазыұлы, салада маман тапшылығы барын білеміз, мәселені шешу үшін қандай шаралар атқарылып жатыр?

- Маман жетіспеушілігі бар. Оның үстіне, қалалар, елді мекендер кеңейіп, халық саны өсіп жатыр. Қазіргі таңда Мемлекет басшысының және Үкіметтің қолдауымен бізге 900 штат берілді. Бұл – мәселенің оң шешімі.

Осы ретте құтқарушыларымыздың кәсіби біліктіліктері мен шеберліктерін атап өткім келеді. Мәселен, Түркияда болған жер сілкінісі кезінде біздің құтқарушы мамандар көмекке барғанын білесіздер. Сонда жергілікті халық қазақстандық құтқарушылардың еңбектеріне тәнті болды. Шетелдік құтқарушылар өздеріне ғана тиесілі міндетті және әр тобы белгіленген уақытта ғана атқарса, біздің мамандар жан-жақты, көп бағытта жұмыс істей алады. Бір-бірін алмастырып, күн болсын, түн болсын жұмыстарын жанкештілікпен атқарады. Зардап шеккендер көмек сұраған кезде әрдайым дайын тұрады. Өз әдіс-тәсілдері де бар. Осылайша, еңбектеріне деген адалдықтары мен адамдарға көмектесуге деген құлшыныстары, батыл әрекеттері жоғары бағаланып, алғыс арқалап қайтқан болатын. Жүйемізге түскен сынақты абыроймен өткерді, сондықтан біздің құтқарушылар осындай деп мақтанышпен айтуымызға болады.

- Жуырда қазақстандық құтқарушылар зілзала болған Ауғанстан аумағында жұмыс істеп қайтты...

- Иә, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету үшін дереу құтқару тобын жібердік. Құтқарушылар өзіміздің ұшақпен барып, сол жерде бірден жұмысқа кірісті. Барлығы 45 маман барды, оның ішінде 40 құтқарушы және 5 медицина қызметкері бар. Біздің мамандар әртүрлі көмек көрсетті, медициналық және үйінділердің астында қалған адамдарды алып шығу жұмыстарымен айналысты. Өкінішке қарай, үйінділер астынан тірі адамды алып шығу мүмкіндігі болмады.

- Қазір әлем жұртшылығы Израиль мен Палестина қақтығысына алаңдап отыр. Қазақстан бұл елдерге құтқарушыларды жіберуі мүмкін бе?

- Бұл мәселе біздің құзыретімізге жатпайды, әрине. Мемлекет басшысы мен Үкімет шешеді. Ал біз қандай тапсырма береді соны орындауға дайынбыз.

- Құтқарушылар төтенше оқиғалар кезінде ғана емес, олардың алдын алу бойынша да жұмыс істейді. Осы шаралардың тиімділігін арттыру бойынша қандай жоспарлар бар?

- Түрлі ескертулер жасалып жатса да, құлақ аспайтын адамдар болады. Күн райының қолайсыздығына байланысты хабарламаға қарамастан жолға шығады. Көпқабатты тұрғын үйлерде кішкентай балалар қараусыз қалады. Тыйым салынған жерде суға түседі, балық аулайды... Мұндай проблема бар.

Біз ақпараттандыру шараларын тоқтатпаймыз. Төтенше жағдайлар мен қайғылы оқиғалардың алдын алу бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Түсіндіру жұмыстары кезінде әртүрлі контент, әртүрлі тәсілді қолданамыз. Адамдарды қызықтыратындай етіп түсіндіру жағына назар аударылып отыр. Әрдайым статистика ұсынылады. «Шок контент» деген тәсіл бар, ол да қолданылып жатыр.

Алдағы уақытта ескертулерді елемейтіндерге айыппұл салу шарасы қарастырылады. Жоспарда бар, тек мәселені жан-жақты зерттеу керек. Бар күшімізді адамдардың қауіпсіздігін қамтуға салып жатырмыз.

- Сұхбатыңызға рахмет.

Соңғы жаңалықтар