Құтқарушылардың жағдайы мәз емес - вице-министр Ильин
«Иә, алдымен баланың ата-аналарына көңіл айтқымыз келіп отыр. Ал құтқарушылардың материалдық-техникалық жағдайына келер болсақ, шынымен де, суда құтқару қызметінің қазіргі жағдайы мәз емес. Бұрын олар бөлек құрылым ретінде жұмыс істеген. Бертін келе, біз оларды Шығыс Қазақстан облыстық шұғыл құтқару жасағына қостық. Бүгінде оларды жабдықтау деңгейі бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда, 30-40 пайызды құрап отыр. Осыған байланысты біз тек Шығыс Қазақстан облысын ғана емес, барлық аймақтардың мәселесін бақылауға алдық», - дейді Ильин.
Вице-министрдің айтуынша, бүгінде барлығы қаржыға тіреліп отыр. дегенмен 2018 жылға арналған жоспардың аясында құтқарушылардың материалдық-техникалық жағдайын шешу көзделіп отыр.
Айта кетейік, алдағы уақытта ауа-райы күрт жылынып кеткен жағдайда Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының кей аумақтарын су басуы қаупі бар. Наурыздың аяғы мен сәуірдің басында су тасқыны болжанып отыр. Осыған байланысты республика бойынша ондаған шақырымның бөгендері жөнделіп, жер асты құбырлар тазартылды. Елді мекендерден миллиондаған текше метр қар шығарылды. Қазіргі кезде су тасқыны салдарларын алдын алу және жою үшін 8 мың тоннадан астам жанар-жағармай, 219 мың тонна инертті материалдар, 958 мың қап және 19,8 тонна жарылғыш зат қоры дайындалды. Әсіресе, Қызылорда облысында су тасқыны қаупі күшейіп тұр.