13:32, 03 Тамыз 2022 | GMT +5
Кувейтте парламент таратылды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сейсенбі күні Кувейттің тақ мұрагері шейх Машал әл-Ахмед әл-Джабер Ас-Сабах елдің Ұлттық ассамблеясын (парламент) ресми түрде тарату туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы ҚазАқпарат Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Тақ мұрагері жарлықта парламентті тарату елдің бірлігіне қауіп төндіретін қазіргі алауыздықтар мен дауларды жоюға бағытталғанын айтты.
22 маусымда мұрагер Машал әл-Ахмед әл-Джабер ас-Сабах Кувейт Әмірі шейх Наваф әл-Ахмед әл-Джабер Ас-Сабахтың атынан теледидар арқылы сөз сөйлеп, заң шығарушы биліктің әкімшілік органдардың жұмысында үнемі араласуы мен әкімшілік органдардың өз міндеттерін тиісінше орындамауы тараптар арасындағы қарым-қатынастардың үзілуіне әкеліп соқтырғанын мәлімдеді.
Конституцияға сәйкес, Ұлттық жиналысты таратып, кезектен тыс парламент сайлауын өткізу шешімі қабылданды.
Фото: kuwaitlocal.com