Құйрықтыкөл кен орнында барлау жұмыстары аяқталды – министрлік

АСТАНА. KAZINFORM – Құйрықтыкөл кен орнының қоры 800 мың тонна, ал болжамды ресурстары 935 мың тоннаға бағаланып отыр. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан мәлім етті.

Құйрықтыкөл кен орнында барлау жұмыстары аяқталды – министрлік
Фото: Дәулет Ізтілеу/Kazinform

- Бүгінде әлемдік деңгейдегі Құйрықтыкөл сирек жер металдары кен орнында барлау жұмыстары аяқталды. Оның жиынтық қоры 800 мың тонна, ал болжамды ресурстары 935 мың тоннаға бағаланып отыр, оның ішінде церий мен лантаноидтар да бар. Саланың дамуы ішкі өзгерістермен қатар жүріп жатыр, - деді Иран Шархан елордада өтіп жатқан 15-ші халықаралық тау-кен металлургия конгресінде.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, геологиялық барлау саласында және техникалық жоғары оқу орындарында жер қойнауын модельдеуде жасанды интеллектіге негізделген цифрлық шешімдер енгізіліп жатыр.

- Тұрақтылық біз үшін жай ұран емес - нақты міндет. Біз өндірістік тізбектің барлық деңгейінде қауіпсіздік, еңбекті қорғау және экологиялық жауапкершілік нормаларға айналуын көздейміз. Сөзімді қорытындылай келе, Қазақстан тау-кен металлургия саласының жан-жақты дамуына қарай жүйелі түрде ілгерілеп келе жатыр, - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан алтын қоры бойынша ТОП-20 елдің қатарына кірді. 

Сондай-ақ жақын арада тау-кен кешені саласында 3,5 трлн теңгеге 5 инвестициялық жоба іске қосылады деп жоспарланып отыр. 

Айта кетейік, елордада халықаралық тау-кен металлургия конгресі өтіп жатыр. Оған әлемнің 20 елінен 1300 делегат қатысты. 

Соңғы жаңалықтар