Күйші Серікбай Құсайынов: Саудадағы домбыралардың басым бөлігі — шалағай

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысындағы белгілі күйші Серікбай Құсайынов саналы ғұмырын домбыраға арнаған, өнердің қадірін жанымен түсінген санаулы жандардың бірі. Жасы тоқсанға таяған қария әлі де қасиетті аспапты қолынан тастамай, немересін баулып жүр.

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Серікбай Бәриұлының күй өнеріне алғашқы қадамы — ауыл сахнасы мен мектеп үйірмесінен басталған екен. Ән мен күйге әуестік оны үлкен жолға бастады.

— Ауылда бала кезде қай жерде ойын-той бар, қандай домбырашы-әншілер келеді, соны байқап жүрдік. Сосын домбыраға әуестеніп, Тұрлыбай деген кісі домбыра жасап әкеліп берді. Домбырада үйренген алғашқы әнім — «Елім-ай». Оныншы класты бітіргеннен кейін әртүрлі байқауларға, көркемөнерпаздар байқауларына қатысып, жүлделі орын алып жүрдім. Кейін Петропавлда Ғалымжан Әлжанов деген домбырашыдан бірнеше ай дәріс алдым, — дейді күйші. 

Ол жерде үш ай домбыра үйренген бозбала, ауылына оралады. Кейін ұстазымен тағы қауышудың сәті түседі.

Музыкант арнайы тапсырмамен Алматыда өтетін фестивальге Баян ауылының өнерпаздарын даярлауға келген екен.

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

— Түкпірде жатқан Баянды Алматыдан бірақ шығарды. Хоры Құрмет грамотасын алды. Домбыра ансамблі лауреат атанды. Бізге сол кезде жаңа шыққан керемет бір үлкен магнитофонды сыйға тартты. Ахмет Жұбановты сонда бірінші рет жюриде көрдім. 1959 жылы Петропавлдың музыка училищесіне оқуға келдім. Ал үшінші курста мұғаліміміз кетіп қалып, диплом алу үшін Шымкентке ауыстым. Консерваторияда оқи алмадым, ол қолым жетпеген арман болып қалды. Әке-шешемде 16 бала болды, «көмектесесің, қайт» деп шақыра берді, — дейді қария.

Серікбай Құсайынов көп жылдар бойы музыкалық училище мен интернатта талантты балаларға домбыра тартуды үйретуден де жалықпады. Оның 200-ден артық өнер қуған шәкірті бар.

Домбыра оның өмірлік серігіне айналды. Сондықтан аспапты арнайы тапсырыспен ғана жасатты. 

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

— Алматы консерваториясының эксперименталдық шеберханасы болатын, сондағы шеберлерден домбыра сатып аламын деп далада қалып қоя жаздағанмын. Іссапарға деп берген бар ақшаны жаңа аспапты сатып алуға жұмсағанмын ғой. Жолда пойыздан түсіріп кете жаздады, — дейді күйші. 

Серікбай Құсайыновтың айтуынша, қазір саудадағы домбыралардың басым бөлігі сақау. Ал домбыраның бабын білу — нағыз шеберліктің белгісі.

Сапалы домбыра — көздің нұрынан, жүректің жылуынан туады. 

— Домбыраның бабын білу керек. Домбыраның шанағы жеңіл болуы тиіс. Аспапты күнге қаратқанда, мынау үндіктен күн нұры көрінуі керек. Сондай домбыралар жақсы шығады. Менің домбырамның мойны ауыр шанаққа қарағанда, ол солай болуы керек те. Қазіргілердің пернесі дұрыс істелмеген, не болмаса тиектерінің орналасуы сәйкес келмейді, соның бәрін байқау керек. Кейбір домбыралардың мойны шалқақ болады, кейбірі еңкек етіп жасайды, ол түзу болуы тиіс, — дейді күйші. 

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Қария «Күй — құдірет, күй — өнер» деген кітаптың авторы. Серікбай Құсайынов кезінде тоқсаннан астам күйді жатқа тартса, қазір көпшілігін ұмытқан.

Алайда ізбасары бар. Атасының жолын қуған Диас немересі Сегіз Сері атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінде жұмыс істейді.

Естеріңізге салайық, Петропавл тұрғыны Болат Қанафин қазақтың қара домбырасын жетілдіріп, оның заманауи үлгісін жасап шыққан еді.  

Соңғы жаңалықтар