Күз бен көктем мезгілінде инсульт алу қаупі жоғары
АСТАНА. KAZINFORM — Инсультпен ауыратын жастардың саны артып келеді. Дәрігерлер дәл осылай деп дабыл қағып отыр.

Мәселен, бірер күн бұрын Шығыс Қазақстан облыстық арнайы медициналық орталық дәрігерлері инсульт алған 19 жастағы қызға сәтті тромбоэкстракция жасап, ажалдан арашалап қалғанын жазған едік. Ал Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының мамандары 30 жастағы азаматтар да инсультке шалдығып жатқанын жеткізді.

— Біздің департаментте 28 науқасқа арналған орын бар. Оның ішінде 12 орын нейрохирургиялық, 10 орын инсультқа, 8 орын неврологиялық науқастарға арналған. Осы бөлімше ашылған 3 айдан бері 276 науқасқа ем көрсетілді. Оның ішінде 100 науқас бас ми жарақатымен, 120 адам инсультпен, 56 адам неврологиялық аурулармен келіп түсті. Олардың 49-ына ота жасалды. Операция кейде 1 сағат, кейде 4-5 сағатқа созылып жатады. Оның бәрі миға құйылған қанның мөлшеріне байланысты. Бүгінге дейін ең ұзақ жасаған операциямыз — 5-6 сағат болған. Көбінесе бас ми жарақаты мен инсульт алған науқастарға ота жасаймыз. Инсультке шалдығып, ем алған науқастардың ең жасы — 30-35 жастағы азаматтар, — дейді нейрохирург Еркін Дүйсенбаев Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.

Дәрігер инсультке шалдыққан науқастардың жиі жіберетін қателігіне тоқталды.
— Кей науқастар «170-180 қан қысымымен жүремін, маған мүлде сезілмейді» деп мақтанады. Мұндай организм уақыт өте келе шаршайды. Сол кезде тамырдың әлсіз бөліктері жыртылып кетеді. Немесе жүрек ырғағының бұзылуына байланысты қан ұйып қалады. Мұның бәрі инсультке алып келеді, — дейді ол.
Нейрохирург көктем және күз айларында инсультке шалдығу қаупі жоғары екенін айтады.

— Қан қысымына ауа райы да әсер етеді. Әсіресе құбылмалы ауа райы жүрек аурулары бар, бас жарақаттарын алған немесе инсульт алған науқастарға қатты әсер етеді. Күз бен көктем секілді ауа райы жиі құбылатын мезгілдерде инсульт алған науқастар көп болып жатады, — дейді маман.
Дәл осылай, ыстық ауа райында инсультке шалдығып, ауруханаға түскендердің бірі — қостанайлық Қарашаш Жақыбаева. Ол Астанадағы баласының үйіне қонаққа келіп, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығынан бір-ақ шығыпты.

— Мен Астанаға баламның үйіне қонаққа келген едім. 17 шілде күні таксиге отырғанда өз аяғымды басқара алмай қалдым. Балам бірден жедел жәрдем шақырды. Алғаш ауруханаға түскенімде бір қолым мен аяғымда жан болған жоқ. Мүлде қозғала алмадым. Кешеден бері өзім жүріп, терезеге дейін барып, тамағымды өзім ішіп, қуанып жатырмын. Қазір қолым да біртіндеп қалыпқа келіп жатыр. Бұған дейін мұндай аурумен ауырмағанмын. Тек беттегі жүйке жүйесінің ауруы болған. Өзім ыстықтан болды деп ойлаймын. Ауруханаға түскенде қан қысымым 190 болған. Қазір 120-ға түсті. Әдетте ауылда 140-пен жүре береміз ғой, — дейді 65 жастағы науқас.

Ал Еркін Дүйсенбаев нейрохирургия саласы бойынша Қазақстан Орталық Азия елдері арасында алдыңғы қатарда екенін тілге тиек етті.

— Нейрохирургия орталығы ашылғалы бері республикалық деңгейде көптеген күрделі оталар жасалды. Ал біздің орталығымыздағы мамандар — сол нейрохирургия орталығында оқыған шәкірттер. Дәл осы салаға қатысты инсультті жоғары технологиялық жолмен емдеу бойынша Қазақстан Орталық Азиядағы алғашқы орындарда деп айтуға болады. Біздің дәрігерлеріміз шетелдік мамандарға өзінің мастер-класстарын көрсетіп, білімдерін бөлісіп, көмектесіп жатыр. Елімізге өзге мемлекеттерден де келіп, ота жасататын науқастар бар, — дейді Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы нейрохирургия департаменті директорының міндетін атқарушы.
Айта кетейік, бұған дейін инсультке шалдыққан қазақстандықтардың үштен бірі көз жұматынын жазған едік.