Күзембаев атындағы шахтада қаза тапқан екінші кеншінің денесін іздеу жұмыстары жалғасып жатыр, тағы да 18 метр үйіндіні қазу керек

мерт болған екінші кеншінің денесін алып шығу үшін 18 метр үйіндіні қазу керек.
Апат орында жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы туралы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің техникалық директоры Юрий Стефлюк бүгін, маусымның 25-і күні апат залалын жою үшін құрылған штабтың кезекті отырысында айтып берді.
Штаб отырысын Қарағанды облысының әкімі Серік Ахметов жүргізді. Аймақ басшысы апат кезінде өз өмірін тәуекелге тіге отырып, жарақаттанған бір адамды сыртқа алып шығып, оның өмірін аман алып қалған жүргізуші Қаныш Қайырқұловтың ерлігін атап өтті. Облыс басшысы комиссия мүшелеріне бірқатар тапсырмалар, соның ішінде қаза тапқан кеншілердің отбасына барлық қажетті материалдық көмек көрсету туралы тапсырма берді.
Апат кезінде 37 мың текше метр метан шығып, 700 мың тонна көмір құлаған, деп хабарлады Ю. Стефлюк.
Бейсенбі күні кешкі сағат 21.40-та опат болған кеншілердің бірі, звено жетекшісі Серік Жұмашевтың денесі табылған.
Комиссия өкілдерінің сөзіне қарағанда, жарақаттанған екі адамның жағдайлары қанағаттанарлық.