22:18, 22 Ақпан 2016 | GMT +5
Құзға өрмелеуден өткізілген жарыс Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналды - ОҚО
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасына қарасты «Облыстық жас туристер» стансасының ұйымдастыруымен ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Менің еліме -25 шың» атты мектеп оқушыларының «Жасанды бедерде спорттық құзға өрмелеудің тәсілдері» бойынша қалалық туристік жарысы өткізілді.

Шымкенттегі «Мега» ойын-сауық орталығында ұйымдастырылған шараға 5-11 сынып оқушылары қатысып, жеке және жалпы топтық сынақ бойынша жарысты. Спорттық құзға өрмелеуді мектеп оқушылары арасында насихаттау мен олардың шеберліктерін арттырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруды мақсат тұтқан жарыс шәкірттер арасында қызықты да тартысты өтті.
Туристік жарыстың нәтижесі бойынша қыздар арасындағы жеке сынақ пен 2000-2001 жылы туылған ер балалар арасындағы бірінші орынды №15 жалпы орта мектебінің оқушылары алса, 1998-1999 жылы және 2002-2003 жылы туылған ер балалар арасындағы жеке сынақта, сондай-ақ, жалпы топтық сынақта көшті №38 мектептің оқушылары бастады, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.