Күзгі суық мезгілде адам денсаулығын қалай күту керек - дәрігер кеңесі

Неліктен күзгі уақытта адамдарға жиі суық тиіп, ауырып жатады?
Күзгі мезгілде адамдар еңбек демалысын аяқтайды, балалар, студенттер мектеп, колледж, университеттерінде оқуларын бастайды. Көп жерде адамдар жинала бастайды, мысалы, қоғамдық орындарда, көліктерде. Мұндай жағдайда вирустар тез таралады. Бұл ретте суық тиген адамның бір рет түшкіріп, жөтелгені жеткілікті. Айналасындағы бірнеше адамға вирус жұқтырады. Сонымен қатар, адамға салқын, құбылмалы ауа-райы да әсер етеді және адамдар сыртқы температураға сәйкес киінбей жатады. Одан бөлек, гипотермия, түнде ұйқының қашуы, стресс, жаман әдеттер иммундық жүйеге теріс әсер етеді. Әлсіреген иммунитет микробтарға толық қарсы тұра алмайды, осылайша олар адам ағзасына оңай еніп, суық тиюге барынша жағдай жасайды.Күзгі уақытта адамдарды сондай-ақ тыныс алу органдарының, жүрек-тамыр жүйесінің, зәр шығару жолдарының, буындардың созылмалы аурулары мазалай бастайды. Бұл аурулар әсіресе күз бен қыста белсенді болады. Бұл ретте қатты салқындау мен жоғарыда аталған вирустық инфекциялар ауруды қоздыруы мүмкін. Кей жағдайда барометрлік қысымның жоғарылауы әл-ауқаттың нашарлауына себеп болады. Күзгі суықта әлсіреген адамның ағзасы атмосфералық қысымның тез өзгеруіне қалыптасып кетуге үлгере алмайды. Бұл созылмалы патологияның өршуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан күзгі, қысқы суық мезгілдерде өзін жақсы сезінуі үшін адамдар бүгіннен бастап денсаулығына назар аударып, ауруға шалдықпау үшін барлық мүмкіндікті пайдаланғаны дұрыс.
Күзгі мезгілде ауырып қалмас үшін адам ағзасы мен денсаулығын қалай күтуі керек?
Адам денсаулығы мен көңіл-күйін жақсы сақтау үшін дәрігерлер мен денсаулық сақтау саласындағы басқа да мамандар ұсынған бірқатар алдын-алу шараларын ұстану қажет.
- Ұйқыны қандыру. Дененің жақсы тынығуы үшін түнгі ұйқы кем дегенде 7-8 сағат болуы керек. Бұл ретте түн ортасына дейін жатып қалу керек, себебі, сағат 22-ден таңғы 5-ке дейін (шамамен) бізде қажетті гормондар өндіріледі. Теледидар, компьютер алдында немесе ұялы телефонға ұзақ уақыт қарап жатудың қажеті жоқ. Жатар алдында бөлмені желдетіп, таза ауада 15-20 минут серуендеген дұрыс. Жатын бөлмедегі температура 18-20 градус, төсек-орын құрғақ және таза болуы керек. Бір уақытта жатып, тұрған жөн. Сонда сіз сергек оянып, күндізгі жұмыстарға дайын боласыз.- Дене шынықтырумен айналысу. Бұл ретте кез-келген физикалық белсенділік пайдалы, мысалы, таңғы жаттығу, серуендеу, жүгіру, жүзу, спорт. Энергетикалық шығындарға байланысты мамандар физикалық белсенділікті 3 деңгейге бөледі: төмен, орташа және қарқынды. Төмен белсенділік - энергия шығыны шамалы болған кезде тыныштық күйіне сәйкес келеді, яғни, ұйқы, теледидар көру, оқу. Қарқынды жүктеме - спортқа, ауыр физикалық еңбекке сәйкес келеді. Қарапайым адамға күнделікті орташа жүктеме қажет. Бұл жүрек соғу жиілігі 50-70%, ал қарқынды жүрек соғу жиілігі 70% немесе одан да көп болған жағдайда. Күн сайын кем дегенде 20-30 минут қарқынды жүктеме немесе 40-60 минут орташа жүктемемен айналысу ұсынылады.
Бүгінгі күні адам денсаулығын күту үшін көптеген мүмкіндіктер бар. Жаттығу залдары мен фитнес орталықтарында нұсқаушылар адамға қажетті жаттығулар жиынтығын айтып береді. Емханаларда егде жастағы адамдарға дене шынықтыру дәрігерлері денсаулықты тексеріп, оны бақылауға үйретеді.
Семіздіктің, гиподинамияның алдын алу үшін, жүрек-қан тамырлары ауруының қаупін азайту үшін ересектер аптасына кемінде 150 минут орташа қарқынды аэробикалық жаттығуларды немесе 75 минут жоғары қарқынды физикалық белсенділікпен айналысуы керек. Артық салмағы немесе семіздігі бар адамдар жаттығуды бастамас бұрын дәрігермен кеңескені жөн.
- Шынығу. Қазір ауа-райы жылы кезде ауа ванналарын қабылдап, суық тиюге жол бермей жалаң аяқ жүруге болады. Үйде контрастты душ қабылдауға болады. Алдымен аяққа салқын суды шашып, кейін оларды құрғатып сүртіп, шұлық кию керек. Кейін адам ағзасына әсерін бақылай отырып, суық судың температурасын біртіндеп төмендетуге болады. Шынығуды денсаулығыңыз мықты болған кезде ғана бастай аласыз. Вирустық инфекциялардың өршуі кезінде үйден шығар алдында және сырттан үйге келген кезде мұрын қуысын әлсіз тұзды ерітіндімен немесе дәріхана ерітінділерімен шаю ұсынылады. Мысалы Аква Марис және басқалар. Бұл шынығу әдісі емес, бірақ шырышты қабықты микроб пен шаң тозаңдарынан тазартуға мүмкіндік береді.
- Дұрыс тамақтану. Тағам әр түрлі, теңдестірілген болуы керек және ағзаның қажетті қоректік заттар - ақуыздарға, майларға, көмірсуларға деген қажеттілігін жабуы керек. Ағза үшін витаминдер мен микроэлементтер де өте маңызды. Ақуыз - біздің денеміздің «құрылыс материалы», ол бұлшықет, тері, басқа да заттардың негізі болып табылады. Ақуыздардың шығу тегі: жануарлар мен өсімдіктерден болып екіге бөлінеді. Жануарлар ақуыздары жоғары сапалы, себебі, олардың құрамында өсімдік ақуыздарында жоқ аминқышқылдары бар. Майсыз ет, балық (әсіресе теңіз балығы), жұмыртқа, сүт және қышқыл сүт өнімдері өте пайдалы. Өсімдік ақуыздарының керемет көздері барлық бұршақ дақылдары - ноқат, бұршақ, соя, жасымық болып табылады. Саңырауқұлақтарда, жүгеріде, жаңғақтарда және басқа өсімдіктерде ақуыз көп. Ақуыздан басқа, олардың құрамында басқа да пайдалы заттар – майлар, дәрумендер, микроэлементтер, талшықтар бар. Сондықтан тамақтануға әр түрлі шығу тегі бар ақуыздарды қосқан дұрыс.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары тәулігіне дене салмағының әр килограммына 0,83-тен 1,8 грамға дейін ақуызды тұтынуға кеңес береді. Бұл сандар адам жасына, дене салмағы мен физикалық белсенділік деңгейіне байланысты өзгеруі мүмкін. Біз үшін негізгі энергия көзі - майлар мен көмірсулар болып табылады. Қажетті майларды майлы балық, жаңғақ, авокадо, зәйтүн және май сорттарынан алуға болады. Ал шошқа майы, ішкі май, өте майлы ет сияқты жануарлардың майларын шектеген дұрыс. Майдың тәуліктік мөлшері физикалық белсенділікке байланысты 30-дан 70 граммға дейін есептеледі. Көмірсулар ағзада бірінші кезекте қолданылатын энергияның жылдам көзі. Көптеген адамдар көмірсулар - тәттілер мен кондитерлік өнімдер деп ойлайды, негізінде олай емес. Көмірсулар қарапайым (немесе жылдам) және күрделі болып бөлінеді. Кәмпиттер, варенье, бал, газды сусындар - тез көмірсулар, олар қалыпты мөлшерде зиян келтірмейді, тіпті пайдалы болуы мүмкін. Бірақ тез көмірсуларды жиі және көп мөлшерде тұтыну - дененің энергетикалық қажеттілігінен асып түседі, глюкозаның қанға артық түсуіне әкеледі, ал оның артық мөлшері майға айналады. Күрделі көмірсулар пайдалы, олар көкөністерде, жидектерде, жармаларда, макарон өнімдерінде, дәнді нандарда болады. Олар ұзақ қорытылады, қанға біркелкі енеді, метаболизмді шамадан тыс жүктемейді.
Көмірсулардың орташа тәуліктік мөлшері дененің энергия шығынының 50%-ын жабуы керек. Майлар, ақуыздар мен көмірсулар саны бойынша көрсетілген сандар денсаулығы орташа адамға арналған және ұсынымдық сипатқа ие. Егер сіз спортшы болсаңыз немесе аз қозғалысты өмір салтын ұстансаңыз, онда қоректік заттың мөлшері әр түрлі болады. Тағамдағы майлар мен көмірсулардың мөлшерін, әсіресе, қант диабетімен ауыратын және денсаулығын күтетін адамдар мұқият қадағалап отыруы керек.
Жаздың соңы, күздің басында алуан түрлі көкөністер, жемістер, жидектер көп болады. Олар міндетті түрде ас мәзірінде болуы керек. Олардың барлығы витамин мен микроэлементтердің негізгі жеткізушілері болып табылады, олармен бірге ішекке қажетті талшық келеді. Күніне 400-500 грамм түрлі жидектер, көкөністер мен жемістерді тұтыну ұсынылады. Егер асқазан аурулары болмаса, вирустық инфекциялардың алдын алу үшін пияз, сарымсақ, зімбірді жеген пайдалы. Олардың құрамында инфекцияға қарсы фитонцидтер бар. Вирустар таралу маусымында пиязды ұсақтап, оны бөлмеге қойып қоюға болады.
- Жеткілікті мөлшерде сұйықтық ішу, бұл ретте таза минералды су ішкен дұрыс. Тәуліктік мөлшер формула бойынша дене салмағының 1 келісіне 30 мл деп есептеледі. Кофе, күшті шәй, сорпалар бұл мөлшерге кірмейді. Жаңа сығылған шырындар, қантсыз жеміс сусындары мен компоттар иммунитетке пайдалы. Алайда, энергетикалық және газдалған тәтті сусындарды жиі, күнделікті тұтыну жүйке жүйесі, ас қорыту органдары мен жүрекке зиянын тигізеді.
- Стресске төзімділікті дамытуға, жанжалды жағдайлардан аулақ болуға, жақсы көңіл-күйді сақтағауға тырысқан дұрыс. Жақсы көңіл-күй күзде иммунитетті нығайтуға көмектеседі. Стресстен құтылуға толыққанды ұйықтап демалу, физикалық белсенділік, сүйікті іс, хобби көмектеседі. Олар денеде «бақыт гормондары»деп аталатын заттар - эндорфиндердің өндірілуіне ықпал етеді.
Көбінесе таза ауада, саябақ, скверлерде, көлігі аз және газдалмаған жерлерде жүру керек. Серуендеуге арналған киім мен аяқ киімді ауа-райына сәйкес кию керек, ол тым жылы, сонымен бірге тым жұқа да болмауы керек.
- Күздің суық мезгілінде дәрумендерді дұрыс пайдалану иммунитетті нығайтуға көмектеседі. А дәрумені көру қабілетін жақсарту үшін қажет, С дәрумені иммунитетті нығайтуға көмектеседі, В дәрумендері ағза үшін маңызды. Д дәрумені ағзада күн сәулесінің әсерінен өндіріледі. Витаминдердің көпшілігі өсімдік тағамдарында кездеседі. Егер қандай да бір себептермен рационды дұрыс ұйымдастыра алмасаңыз немесе айтарлықтай физикалық және психикалық жүктемелер, тұрақты емес жұмыс режимі болса, онда жасанды дәрумендерді қабылдауға болады. Витамин-минералды қоспалар қазір кеңінен жарнамаланып, барлық дәріханаларда сатылады. Бірақ олар барлық адамға қажет емес және әртүрлі диеталық қоспалар мен витаминдік кешендерді бақылаусыз қабылдауға жол берілмейтінін есте ұстаған жөн. Оларды дәрігердің кеңесінен соң қабылдауға болады, себебі, олар кейбір адамдарда аллергия немесе басқа жағымсыз реакциялар тудыруы мүмкін.
- Жаман әдеттен аулақ болу. Темекі шегу, алкогольдік ішімдіктерді ішу, психотроптық заттарды, есірткі препараттарын қабылдау иммунитетті айтарлықтай төмендетеді. Темекі шегу кезінде ыстық ауа бронхтың шырышты қабығын құрғатады, иммундық қорғанысты төмендетеді және микробтың енуіне ықпал етеді. Никотин ми мен жүрек тамырларында қан ұйығыштары мен атеросклеротикалық бляшкалардың пайда болуын тездетеді, инфаркт пен инсульт қаупін 2-3 есе арттырады. Алкоголь тіпті аз мөлшерде болса да, қан қысымының бірнеше есе жоғарылауына әкеледі, гипертензияға қарсы препараттардың тиімділігін төмендетеді.
Вакцинация
Күзде қант диабеті, тыныс алу органдарының, жүрек-қан тамырлары жүйесінің созылмалы аурулары бар, темекі шегетіндерге және жиі ауыратындарға тұмауға қарсы вакцина егу ұсынылады. Ауру жұқтыру маусымы басталғанға дейін 1-1, 5 ай бұрын егілу керек екенін есте ұстаған жөн. Яғни, қыркүйектің соңында немесе тым болмағанда қазан айының басында. Себебі, вакцинадан кейін денеде белгілі бір иммунитет пайда болуы керек, ол үшін уақыт қажет. Одан басқа, COVID-19-ға қарсы егілген жөн, себебі, вирус әлі адамдар арасында таралып жүр.
Медициналық тексерулер
Қазақстанда медициналық тексерулер Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 15 қазандағы бұйрығына сәйкес жүргізіледі. Осы бұйрықта міндетті медициналық тексеруге жататын адамдардың нысаналы топтары бекітілді. Бұл топтарға студенттер, азық-түлік өндірісі, сатумен, қоғамдық тамақтанумен байланысты жұмысшылар, тәрбиешілер, медицина қызметкерлері және басқалар кіреді.
Халықтың барлық санаттары үшін міндетті медициналық тексеруден басқа, профилактикалық мақсатта жүргізілетін Ұлттық скринингтік бағдарламалар қабылданды. Скринингтік тексерулер тәуекел факторлары мен ауруларды ерте кезеңде уақтылы анықтауға, қаралуға және емдеуді тағайындауға мүмкіндік береді. Сондықтан скринингтік тексеруден өту өте маңызды. Экзотикалық елдерде ұзақ уақыт саяхаттаған, әсіресе, санитарлық жағдайы төмен және сумен нашар қамтамасыз етілген елдерден келген азаматтарға медициналық тексеруден өту ұсынылады.