Күзгі жиын-терінді уақтылы ұйымдастыру мәселесі бүгіннен бастап шешілуі тиіс

ң 10-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Жер емген диқандардың, тұтастай ауыл шаруашылығы саласының алдында тұрған басты міндет - биылғы егінді еткен еңбек пен төккен терді зая қылмай жинап алу. Осы аптада Астанада  облыс әкімдерінің ауылшаруашылығы мәселелеріне жауапты орынбасарларының, сондай-ақ мүдделі мекемелердің басшылары мен өкілдерін жинаған Ауыл шаруашылығы министрлігінің алқа мәжілісінде күзгі жиын-терін науқанына дайындық барысы талқыланды.  
None
None

    Бірден атап өтерлігі, мемлекеттің қабылдаған шараларының арқасында дағдарысқа қарамастан, биыл елімізде ауылшаруашылық дақылдарының егістік алқабы - 21,9 млн. гектарға жеткізілді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 1,9 млн. гектарға немесе 10 пайызға артық. Нәтижесінде республикамыз бойынша 17,2 млн. гектарға астық дақылдары мен бұршақ тұқымдары егілді. Бұның 14,7 млн. гектарын бидай алқабы алып жатыр. Бидай былтырғыдан 1,2 млн. гектарға немесе 9 пайызға артық себілді.  Ал өсімдік шаруашылығын әртараптандыру аясында майлы дақылдардың алқабы - 191,7 мың гектарға, жем-шөптік дақылдардың алқабы - 758,8 мың гектарға, жеміс-жидектік дақылдардың алқабы - 4 мың гектарға, көкөніс дақылдары мен картоптың алқабы - 8,2 мың гектарға ұлғайтылған болатын. Сөйтіп елімізде басымдық берілген ауылшаруашылық дақылдарының егіс алқаптарын кеңейту жөніндегі жыл басында Ауылшаруашылық министрлігі мен облыс әкімдерінің арасында жасалған меморандумның шарттарын барлық өңірлер іс жүзінде орындады. Бұдан бөлек биыл жылдағыдай емес, мемлекеттің қаржылай қолдауының арқасында республикамыз бойынша көктемгі егіс жұмыстары тыңғылықты ұйымдастырылды. Оған қажетті жанар-жағармай өңірлерге дер кезінде жеткізіліп, диқандар тиісті техникалармен қамтамасыз етілді. Ендігі міндет - көктем шыға кірісіп, ала жаздай қара тер болып төгілген еңбектің жемісін көру. Ол үшін елдің ырысы, мемлекеттің берекесі - егінді ысырап қылмай, жауын-шашынның астында қалдырмай жинап алу қажет.

    ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Егін шаруашылығы және фитосанитарлық қауіпсіздік департаментінің директоры Анна Буцтың сөзіне қарағанда, мемлекет тарапынан көктемгі егіс жұмыстарын және жиын-терім науқанын қаржыландыруға жалпы сомасы -119,3 млрд. теңге бағытталған. Қазіргі уақытта республикамыздағы ауылшаруашылығы дақылдары егістігінің 47 пайызы жақсы, ал 49 пайызы қанағаттанарлық  жағдайда көрінеді. Дейтұрғанмен, бұл өткен жылғы деңгейден 2 пайыздық пунктке жоғары.

    Оның айтуынша, жағдайы нашар егістіктердің үлесі әсіресе Ақтөбе мен Маңғыстау облыстарында жоғары. Мәселен, Ақтөбе облысында 124,7 мың гектар егістің немесе жалпы егістік алқабының 16 пайызының, ал Маңғыстау облысында 337 мың гектар егістің немесе жалпы астық алқабының жартысынан астамының жағдайы нашар көрінеді. Маңғыстау облысындағы қатты құрғақшылықтан зардап шеккен 213 мың гектар есептен алып тастауды қажет етеді. «Ағымдағы жылы көктемгі егіс науқаны кезінде барлық аймақтарда ылғал жақсы болды. Жекелеген облыстарда жағдайы нашар ауылшаруашылық  дақылдары аумағының айтарлықтай көп болуы ең алдымен жерді өңдеу технологиясының  және егін егудің оңтайлы мерзімінің сақталмағанын айғақтайды», дейді А. Буцъ. Оның сөзіне қарағанда, еліміздің оңтүстік және шығыс өңірлерінде астық жақсы пісіп келеді. Оңтүстік өңірлерде жиын-терім науқаны басталып кетті. Мұнда бастырылған күздік бидайдың гектарынан шамамен 19 центнерден өнім алынуда. Бұл өткен жылдағыдан 2 есеге жоғары.

Сөзінің арасында А. Буць республикамыз бойынша тыңайтылған алқаптардың ұлғайғандығына қарамастан, минералдық тыңайтқыштарды енгізу көлемі мейлінше төмен күйінде қалып отырғанынына қынжылыс білдірді. Бұл көрсеткіш  әсіресе Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарында төмен. Оның айтуынша, осы жылы енгізілген жаңа бюджеттік бағдарлама бойынша ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге минералдық  тыңайтқыштарды сатып алуды субсидиялауға бөлінген трансферттер көлемі облыстардың өтініштеріне сәйкес анықталған. Алайда, қазіргі таңда Алматы облысы бөлінген соманың небәрі 25 пайызын, Атырау облысы - 50 пайызын, Жамбыл облысы - 55 пайызын, Оңтүстік Қазақстан облысы - 87 пайызын игерген. Дағдарыс жағдайында мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан осыншалық қаржылай көмекті кейбір өңірлердің тиісті деңгейде игере алмай отырғаны шынында да көңілді қапаландырады. Осы тұста сөзге араласқан А. Күрішбаев бөлінген қаржының әсіресе тыңайтқыштардан кенде емес Алматы мен Жамбыл облыстарында игерілмей жатқандығына қынжылды. «Биыл бұл облыстарда ауа-райы өте қолайлы болып тұр. Яғни тыңайтқышты қолдану тиімділігі өте жоғары деген сөз. Осы облыстар әкімдерінің пысықтамағандарының арқасында біз екі облыста барлық позициялар бойынша көп астық жоғалтудамыз. Мен әкімдерді бюджетті игеруде жұмыс істеуді өтінемін. Бұл жаңа бағдарлама. Біз оны биыл тұңғыш рет жүзеге асырудамыз», деді министр.

    Жиын-терім науқанын дер кезінде және тиімді жүргізу  үшін ауылшаруашылық тауарын өндірушілерді техникалармен және құрал-жабдықтармен, сондай-ақ жанар-жағармаймен дер кезінде және толық көлемде қамтамасыз етудің маңызы зор. Бұларсыз істің алға баспайтыны белгілі. Шүкір,  бұрынғыдай емес, қазір бұл проблемалар тиімді шешіліп жатыр. А. Буцьтің сөзіне қарағанда, шілденің 1-індегі жағдай бойынша егін ору науқанына еліміздегі комбайн паркі мен дестелегіштің 83 пайызы, механикаландырылған токтардың 79 пайызы, астық кептіргіштердің 82 пайызы сақадай сай тұр.  Бұл былтырғы жылдың деңгейінде. Жаппай жиын-терім науқаны басталғанша тағы 900 астық оратын комбайн сатып алу жоспарланып отыр. Ауылшаруашылығы министрлігі Энергетика және минералдық ресурстар министрлігімен бірлесіп егін жинау науқанын өткізу үшін ауылшаруашылық тауарын өндірушілерді дизель отынымен толық қамтамасыз ету үшін облыстарды еліміздегі мұнай өңдеуші зауыттарға шартты түрде бекітіп қойған болатын. Өз кезегінде зауыттар диқандарға арзан бағамен егін жинау науқанына 397 мың тонна дизель отынын жеткізетін болып мойындарына міндеттеме алған. Дейтұрғанмен А. Буць осы арда бір кілтипанды айта кетті. Оның айтуынша, кейбір әкімдіктер дизель отынына тиісті қаржыны дер кезінде төлемей жатқан көрінеді. «Соңғы уақыттарда еркін нарықта дизель отынының бағасының өсуі байқалады. Осыны ескере отырып әкімдіктер бөлінген дизель отынының көлеміне қаржының уақтылы төленуін ұйымдастыруды бақылауды қамтамасыз етуі қажет», деді ол. Осы арада А. Күрішбаев тағы да еріксіз әңгімеге араласты. «Биыл елімізде егін жинау науқанына байланысты дизель отынын бекітілген бағамен кепілді жеткізу мәселесі бұрнағы жылдарға қарағанда ерте шешілді. Менің ойымша, алдағы уақытта нарықтағы баға тағы да өсетін болады. Сондықтан біз бөлінген дизель отынын егін жинау науқанына пайдалануымыз қажет. Осыған орай мен облыс әкімдерінің орынбасарларынан белсенділік танытып, өңірге бекітілген көлемдерді дер кезінде игеруді өтінемін. Қазір көп дүние осыған байланысты. Себебі, мұнай өңдейтін зауыттар пайдаланылмаған дизель отынының көлемін нарыққа сататынын айтып, қорқытуда. Мен осыны ескеруді өтінемін», деді А. Күрішбаев облыс әкімдерінің орынбасарларына қаратып айтқан сөзінде. 

     Сонымен қатар А. Күрішбаев облыс әкімдіктерін астықтың тұрақтандыру қорын құру үшін Азық-түлік корпорациясына жәрдем көрсетуге шақырды. «Қазірден бастап астықтың  тұрақтандыру қорын құруды ойластыру қажет. Бұл әсіресе  еліміздің батыс облыстары үшін керек.  Сол себепті Азық-түлік корпорациясына астықтың  мемлекеттік ресурстарын қалыптастыруда жәрдем көрсетуге  айрықша назар аудару қажет. Бұл жұмыс егін жинау науқанынан кейін де жалғасады. Сондықтан, облыстарды тұрақтандырушы қормен қамтамасыз ету үшін тиісінше әкімдіктердің қолдауы мен көмегі керек», деді министр. Оның айтуынша, Азық-түлік корпорациясы қазір ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерден 1 млн. тоннаға дейін астық  сатып алуда. Алқа нәтижесінде министрлік пен облыс әкімдіктерінің өкілдері алдағы егін жинау науқанын жоғары деңгейде ұйымдастыратын болып тарқасты.

Дүние жүзінде азық-түлік тағамдарының тапшылығы білінген соңғы жылдары ауылшаруашылығы саласының бәсі арта бастағаны аян. Сондықтан да болса керек, қазіргі уақытта аграрлы ел саналатын әлемнің әр бөлігіндегі мемлекеттер ауыл шаруашылығы саласын дамытуға айрықша ден қоя бастады. Бұл үдерістен экономикасының құрылымында агроөнеркәсіптік кешен айрықша рөл атқаратын Қазақстан да тысқары қалған жоқ. Бұл саланы қарқынды дамыту үшін республикалық бюджеттен бөлініп жатқан қаржы көлемі жыл сайын ұлғаюда. Таяу бес жылда индустриялық-инновациялық тұрғыдан қарқынды дамуды көздеп отырған Қазақстан агроөнеркәсіптік кешенді тұңғыш рет басымды бағыт ретінде белгіледі. Бұл мақсаттың шеңберінде еліміз ауылшаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттырып әрі  ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, оларды экспортқа бағдарлауға ден қоятын болады. Осы орайда қайта өңдеу өндірісін дамытуға, астық пен ұнның экспортын ұлғайтуға айрықша назар аударылады.

Соңғы жаңалықтар