Құжатсыз тарих, тарихсыз мемлекет жоқ – реставратор түйткілдер туралы айтты
АСТАНА. KAZINFORM – Қазба байлық – материалдық мұра болса, жазба байлық – рухани мұра. Бірақ, сол жәдігерлерді жинап, түгендеп әрі түптейтін мамандар аз. Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы реставрация және консервация бөлімінің басшысы Сырым Ботабековті сұхбатқа тартып, мәселенің мән-жайына үңіліп көрдік.

Маман тапшылығы тек біздің елде емес, әлемде солай. Реставрация және консервациямен айналысушылар саусақпен санарлық. Әйтсе де, бізден бір айырмашылығы – аталған сала университеттерде мамандық ретінде оқытылады.
– Көп мемлекетте арнайы мамандарды оқытатын факультеттер, арнайы кафедралар бар. Сонда да бұл мамандықта біраз адам тұрақтамайды. Себебі, біріншіден тиянақтылық қажет. Көз майын тауысып, талмай отырып, майда детальдарға мұқият мән беру талап етіледі. Өкінішке қарай, көп адам бұған шыдамайды. Сосын кетіп қалады. Әуелгі себеп осы деп ойлаймын, - деді Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы реставрация және консервация бөлімінің басшысы Сырым Ботабеков.

Саланың қыр-сырына 10 жылдан бері қанық Сырым Ботабековтың негізгі мамандығы - көркем өнер суретшісі. Ол реставрацияның тежелуінің екінші себебін 1990 жылғы тоқырауға тіреді. Тосырқап қалған мамандар амалсыздан басқа салаға ауысуға мәжбүр болған. Нарықтық экономика ережесіне сәйкес еріксіз күнкөрістің өзгеше жолына түсті. Сосын зейнетке шығып кеткен реставраторлардан да қол үзіп, арада сабақтастық үзілген.
– Сондықтан саланы қайтадан қолға алып, қайта дамытуға күш салынып жатыр. «Архив-2025» бағдарламасы бар, өзіңіз білетіндей. Соның аясында біраз мекемелерге реставрация, консервация бойынша құрал жабдықтар алынды. Осы бағытта біраз ілгерілеу байқалады. 2021 жылдан бастап орталықта «құжат реставрациясы мен консервациясы мамандарына арналған біліктілігін арттыру курстары» жолға қойылды. Қазіргі таңда біз 25-тен астам маманды даярладық. Сондай-ақ жыл сайын «Қазақстандағы жазба мұраларының реставрациясы және консервация мәселесі» деген үлкен семинар өтеді. Семинарға 40-тан аса маман, бүкіл Қазақстан, Ресей және Өзбекстаннан келеді. Былтыр Ираннан қатысты. Саланың дамуына осылай өзімізше үлес қосып жатырмыз, - дейді Сырым Ботабеков.
30-40 реставратор қайда жетеді?
Реставрация да – философия, математика, химия сияқты өз алдына бөлек сала. 1-2 курстан өткізіп білікті маман даярлап шығу мүмкін емес. Мысалы, көршілес Ресейде 5 жыл оқытылады. Әрі қарай 5 жыл қызмет атқарады. Содан кейін ғана реставрация саласында өзінің ерекше стилі бар маман ретінде қалытасады.
– Рестарвация саласы деп жалпы айтамыз. Бірақ, реставраторлар бөлінеді. «Қол жазбалар және сирек кітаптар» реставраторларына келсек, елде шамасы 30-40 қана маман бар. Қазақстан өте үлкен. 17 облыс бар. Осы ауқымда қарасақ, әрине, олардың саны тым аз. Әр өңірге бөлгенде екеуден ғана тиеді. Мәселені реттеудің жолын іздеп, әуреге түскенше Ресей тәжірибесіне сүйенсек болады. «Типтік реставрациялық зертханалар» деген ашылып жатыр. Онда шетел әдебиет және мемлекеттік кітапханасы сияқты орталықтары көп. Соның негізінде алыс аймақтарына дайын реставрация зертханаларын қояды. Түркия да тура осы форматта жұмыс істейді. Грузия, Литва, Латвия солай, - дейді Сырым Ботабеков.
Бірақ, оның ойынша, жәдігер қайдан табылса реставрациясын сонда өткізу керек. Сөйтіп, жергілікті мамандарды тартып, іріктеуге болады. Адамдардың да ата-баба аманатының алысқа кетпей, көз алдында қалыпқа келтірілгенін қалайтыны түсінікті.
Сабырың сыналатын сала
Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы жабдықталған 2018 жылдан бері 200-ден аса көне кітаптар реставрациядан өткен. Біреуін қалыпқа келтіру зақымына байланысты уақыт алады. 3-4 ай, тіпті, жарты жылға жалғасуы мүмкін.
– Су астында ұзақ жатқан ХІХ ғасырдағы діни фикһ кітабы қолымызға тиді. Оның тек парақтарын ашуға 1 ай жұмсадық. Жабысып қалған әр бетін сулап отырып, әрең ашып шықтық. Сосын оны тазалау, әр парағын нығайту, тігу, түптеу жұмыстары бар. Сондай-ақ кітап арасында түрлі зиянкес болады. Алдымен зарарсыздандырып, кейін цифрландыруға жіберіледі. Қорға тапсырылады, - дейді реставрация және консервация бөлімінің басшысы.

Қазір діни кітаппен суретші-реставраторлар айналысып жатыр. Шығарманың әр парағына 1 аптадан кетеді екен.
– Бұл кітаптың мұқабасы жоқ. Еңбектің көшірмесін қалыпқа келтіріп жатырмын. Негізі бұның түпнұсқасы хижра бойынша бойынша 655 жылы жазылған. Кітап өте нашар күйде келді. Әбден құрғап кеткен, үгінді десек те болады. Біз алдымен ылғалдатып алдық. Қазір әр бөлігін құрап, бастапқы кезіндегідей жағдайға жеткізуім керек, - дейді суретші-реставратор Риза Киреева.
Орталықтың реставрацияға қажет 95% материалы шетелден келеді. Жарығы, желімі, қылқаламы бәрі-бәрі сырттан жеткізіледі.
– Материалдар - кәдімгідей шығын. Өкінішке қарай, көп мекеменің бұған шамасы жетпейді. Базар-дүкендегі кез келген нәрсені қолдана алмаймыз. Орталық семинар, курс өткізеді. Курсты ақылы өткіземіз. Өйткені, желім, материалдар қолданады. Бізге керек көлем бар. Соған байланысты реставраторларға көңіл бөлінсе жақсы болар еді. Бірақ, шынымды айтсам, 30-40 реставраторға көңіл бөлінеді деп ойламаймын. Бізге келіп үйренуге немесе біздің мамандардың шетелдерге барып, біліктілігін көтеруге гранттар бөлінсе дейміз. Ресей мемлекеттік кітапханасы жылына 50 маманға грант бөледі. Себебі, реставрация онлайн оқи салатын маман емес. Көзбен көріп, қолмен ұстап отырып үйрену керек. Көненің көзін көргендерден тәлім алу керек. Былғарының өзін таңдау оңай шаруа емес, - деп қынжылысын білдірді маман.
Мәселенің реттелуі керектігі маңызды мәселе екендігіне назар аударады.
- Реставрация - стратегиялық сала. Себебі, құжатсыз тарих жоқ, тарихсыз мемлекет жоқ. Тамағымызды қырып, біреуге бір нәрсе дәлелдегеннен гөрі, бір парақ қағазды көзге шұқып көрсетсе ешкімнің дауы болмайды, - дейді Сырым Ботабеков.
Айта кетсек, 1919 жылдан бергі құжаттар сақталған БҚО архиві ғимараты күрделі жөндеуді қажет ететіні туралы жазылған болатын.