Құжаттар мерзімінің аяқталатыны туралы SMS-хабарлама жолданады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Енді қазақстандықтар жеке немесе жүргізуші куәлігінің қолданылу мерзімінің аяқталуы туралы ұялы телефон нөміріне жолданатын SMS арқылы алдын ала хабардар болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.

Құжаттар мерзімінің аяқталатыны туралы SMS-хабарлама жолданады

Мақсат - азаматтардың жеке басын куәландыратын құжаттардың қолданылу мерзімінің аяқталуына байланысты әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу, яғни айыппұл түріндегі қосымша қаржылық жүктемені азайту.

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 492-бабымен жеке куәлік мерзімі 10 күннен 1 айға дейін өтіп кетсе – ескерту, 1 айдан астам уақытқа - 7 АЕК немесе 21 441 теңге айыппұл қарастырылған.

Енді мобильдік азаматтар базасында тіркелген қазақстандықтар құжаттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін 30 күн бұрын өздерінің ұялы телефонына SMS-хабарлама алады. Ол үшін электрондық үкімет порталындағы (eGov.kz) жеке кабинетте ұялы телефон нөмірі көрсетілуі керек.

Айта кетейік, бұған дейін «Азаматтарға арналған үкімет» құжаттың жарамдылық мерзімі аяқталғанын күтпей-ақ, жеке куәлікті ертерек ауыстыруға кеңес берген еді.