Құжаттар үшін шақырып, айыпты етіп шығарды – Ұлдана Мырзуан ісіндегі сотталушы
АСТАНА. KAZINFORM – Астаналық фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс бойынша сотталушы Сәуле Жұбаниязова өзіне қандай жағдайда айып тағылғанын айтып берді.
С. Жұбаниязованың айтуынша, 19 шілдеде оған тергеуші тәркіленген құжаттарды қайтару үшін телефон соққан.
– Көктемнен бері тәркіленген құжаттарды қайтаруды сұрап, бірнеше рет жаздым. Тергеуші оны ұзаққа созып жүрді. Кейін өзі телефон соғып, 20-сы күні кешке келуімді және «құжаттарыңыздың бәрін қайтарып беремін» деді. Құжаттарды алуға бардым. Құжаттардың көпшілігі іс материалдарына тіркеліп, тәркіленсе де, толық көлемде алғанымды растап қол қойдым. Осыдан кейін тергеуші мені айыпталушы деп танығанын хабарлады, – деді сотталушы.
Оның айтуынша, осыдан кейін оған адвокат берілген.
– Шынымды айтсам, абдырап қалдым. Маған тегін адвокат берді. Екеуіміз тіпті сөйлесіп те үлгермедік. Тергеуші «сараптамаға қол қойыңыз, онда ештеңе жоқ» деді. Мен есеңгіреп қалдым. Мүмкін, жауабымды дұрыс тұжырымдай алмаған шығармын, нақты айта алмаймын.
Бірақ қатты қобалжыдым. Оның үстіне адвокат та болмады, маған жай ғана бір әйелді (адвокатты – ред.) ұсынды. Сол кезде ғана маған айып тағылды, – деді Сауле Жубаниязова.
Сондай-ақ ол жауап алу хаттамасымен танысқан-таныспағанын есіне түсіре алмайтынын айтты.
– Шынымды айтсам, есімде жоқ. Уақытым болмады. Тергеуші «бәріне тез қол қойыңыз» деді. Сараптамалармен 15 минуттың ішінде танысқаным туралы құжатқа қол қойдым, – деді айыпталушы.
Бұған дейін С. Жұбаниязова үйді қандай жағдайда қабылдап алғанын айтып берген еді.
Сондай-ақ, қасбеті құлаған үйде жаңа жарықшақтар пайда болған.