Квазимемлекеттік сектордың бюджетке тәуелділігі күшейе түсті — Жоғары аудиторлық палата

АСТАНА. KAZINFORM — Бюджет қаражатын игеру процесінде атқарушылық тәртіп жеткіліксіз. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп берген Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов айтты.

Квазимемлекеттік сектордың бюджетке тәуелділігі күшейе түсті — Жоғары аудиторлық палата
Коллаж: Kazinform/Freepik

— Квазимемлекеттік сектордың экономикаға және мемлекеттік қаржы жүйесіне көлемді ықпалы өзгерген жоқ. Жекешелендірудің кешенді жоспарын іске асыру қарқыны баяулады. Негізінен коммуналдық кәсіпорындар ғана бәсекелі секторға шығарылуда. Жекелеген жағдайларда жергілікті органдар елді мекендердің абаттандыру, көшелерді тазарту және тағы басқа да қарапайым қажеттіліктерін жедел әрі сапалы қамтамасыз ету мүмкіндігінен айырылуда. Сонымен бірге, квазимемлекеттік сектордың бюджетке тәуелділігі күшейе түсті. 2025 жылы оларға 812 млрд теңге бөлінді, оның 57 пайызы — мемлекеттік тапсырмалар арқылы, — деді ол.

Палата төрағасының айтуынша, мемлекеттік тапсырманың өзі ведомстволық бағынысты ұйымдарды конкурстан тыс қаржыландыру нысанына айналып отыр. Жекелеген жағдайларда жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің едәуір бөлігі басқа жеке орындаушыларға беріледі.

— Квазимемлекеттік сектор субъектілері мемлекеттік сатып алу аясында тағы да 1,4 трлн теңге алды. Жалпы, бюджет қаражатын игеру процесінде атқарушылық тәртіптің жеткіліксіз деңгейі және нәтижеліктің шектелгені байқалады. Жекелеген субъектілердің қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы талап етілмеген қалдықтары қомақты. Үкіметтің есебіне квазимемлекеттік сектор бойынша ақпараттың енгізілгеніне қарамастан, олардың жалпы елдегі міндеттерді іске асыруға тигізетін ықпалы ашып көрсетілмеген, — деді Әлихан Смайылов.

Айта кетейік, Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Үкіметінің және Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері талқыланып жатыр.