Қылмыс жасаған әрбір екінші жасөспірім оқымайды және жұмыс істемейді – ІІМ
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қылмыскерлердің 80% - жұмыссыз, 33% - бұрын сотталған. Талдау негізінде алынған мұндай деректерді Ішкі істер министрлігінде өткен брифингіде ведомство өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Брифинг барысында Шұғыла Тұрлыбек тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділовтің елордалық №22 мектеп-лицейдің жоғары сынып оқушылары және мұғалімдерімен кездесіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасын талқылағанын атап өтті.
«Тұжырымдаманың мәні - ішкі істер органдарының өмірдің барлық салаларын қамти отырып, қауіпсіз және құқықтық қоғам құру үшін азаматтармен өзара іс-қимылдың сервистік моделіне кезең-кезеңімен көшу. Қазіргі талдау көрсеткендей, қылмыскерлердің 80% - жұмыссыз, 33% - бұрын сотталған. Жеке тұлғаға қарсы қылмыстардың 50% алкоголь және есірткіге мас күйінде жасалған. Әрбір екінші кәмелетке толмаған құқық бұзушы оқымаған және жұмыс істемейді. Мегаполистердегі қылмыстардың 51%-ын сырттан келушілер жасаған», - деді министрліктің өкілі Шұғыла Тұрлыбек.
Кездесу барысында Санжар Әділов қылмыс жасау мәселесін күш қолдану шараларымен шешу мүмкін емес екенін айтты.
Оның сөзінше, мұндай әрекетке баруға әлеуметтік, экономикалық, географиялық, көші-қон, табиғи, мәдени, демографиялық және басқа факторлар әсер етеді.