Қылмысқа зергерлік дүкен қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін - қалалық ІІД

Баспасөз қызметі Гоголь көшесінің бойында орналасқан зергерлік дүкеннің тоналғаны жайлы ақпарат Алматы қалалық ІІД Жедел басқару орталығына күндізгі сағат он бірлерде түскенін еске салды. Оқиға орнына келген жедел-іздестіру тобы қылмыскерлердің салонға дүкен орналасқан үйдің жертөлесінің төбесін тесу арқылы енгенін анықтаған.
Аталмыш қылмысты тергеу үшін Алматы қалалық Ішкі істер департаментінде жедел тергеу тобы құрылды. Қазіргі уақытта полиция бірнеше болжамды тексеруде. Олардың бірі дүкен қызметкерлерінің зергерлік бұйымдардың жоғалуына қатыстылығы. "Бетон еденді тескен уақытта қалыпты жағдайда болған дабылдың істемегені, сондай-ақ, осы істің басқа да бірнеше сәйкессіздіктері күдік туғызып отыр", - делінген ІІД баспасөз хабарламасында.
Айта кетер жәйт, жоғарыда аталған қылмыстың тергеу барысы Ішкі істер министрлігі басшылығының жеке бақылауында, деп хабарлайды ІІД баспасөз қызметі.